Петропавлда жылу құбыры ауыстырылады

Петропавлда жылу магиcтралінің бір бөлігі ауыстырылып, бірнеше көпқабатты және 100-ге жуық жер үйдің жылу температурасы төмендетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, жер асты құбыры әбден шіріп, тесіле бастаған. Қала бойынша осындай тағы қандай қауіпті аймақтар бар? Жалпы жылу желірі қандай күйде?

Петропавл қаласындағы жылу желілерінің 72%-і тозған. Мәселен, мына жердегі құбыр сонау 1984 жылы салынған.

Жөндеу бригадасы жерді қақаған қыста қазуға мәжбүр. Өйткені 3 метр тереңдікте жатқан жылу құбырынан су ағып, жердің бетін жібіте бастаған. Құдықтың аузынан бу бұрқырап тұр. 

Алексей Хоменко, №2 желілік аумағының басшысы:

- Құбырдың жағдайын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Жерасты сулары өте жоғары. Сондықтан әбден тотталып қалған. Ол жарылса, мына үйлерді ыстық су басады.

Бұл желіге қосылған тұрғындарға бір тәулік шыдай тұруға тура келеді. Мамандар жөндеу жұмыстарын ертеңге дейін аяқтаймыз деп отыр. Олар жылу магистралінің 10 метрін ауыстырады. 

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Күнделікті мамандар барлық құбырларды тексеріп отырады. Бүгінгі таңда бізде 152 диспетчерлік қызметі жұмыс жасады. Одан бөлек, егер де бір жағдайлар орын алып жатқан жағдайда тұрғындар 109 нөмірі арқылы хабарласып, мамандарды шақыра алады.

Қалада осындай тағы бір қауіпті аймақ бар. Жылу компаниысының жұмысшылары ендігі кезекте Кәрім Сүтішов көшесіндегі құбырды ауыстырмақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков