Бұқтырма су қоймасына батқан кейуананың мәйіті табылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына батып кеткен кейуананың денесі табылды.

Естеріңізге салсақ, Бұқтырманы мұз үстімен кесіп өтпек болған көлік 800 метр жүріп барып, суға түсіп кеткен еді. Ішінде 5 адам болған. Төртеуі әрең дегенде мұз басқан судан аман шыққанымен, 72 жастағы кейуана батып кеткен. Оқиға болған жерге құтқарушылар дереу жетіп, екі тәуліктен астам уақыт іздеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға жалпы 23 адам мен 7 техника жұмылдырылды. Айта кетейік, Бұқтырма су қоймасындағы өткел,, Күршім ауданына апаратын ең қысқа жол. Су қатпай тұрып көліктер пароммен өтеді, ал қыста мұз үстімен жүреді. Дегенмен қазір мұз қабаты қалыңдаған жоқ. Қайғылы оқиға күні  мұз 15 см ғана болған. Жеңіл көлік өтуі үшін оның қалыңдығы 30-40 см болуы шарт дейді мамандар.