Ақтаудың орталық жылу жүйесінде апат болды

Екібастұз есін енді жиып жатқанда, жылы өңірдегі - Ақтаудың орталық жылу жүйесінде апат болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

6 бірдей шағын аудан жылусыз қалған. Жерастындағы құбырлардың жарылған тұстарын коммуналдық мекемелер жөндеп, қазір 5 шағын ауданға жылу берілді. «Ендігі қалып тұрғаны 7 ықшам аудандағы жеті үй. Ол жерде құбырдың беті аршылып, суытуға қойылды. Жарылған жерін дәнекерлеу көп уақыт алмайды», - дейді мамандар. Жалпы, бұл қалада 4 желтоқсаннан бері ыстық су жоқ. Орталық сумен жабдықтау торабында су деңгейі күрт төмендеуінен «Маэк» энергокомбинаты қалаға ыстық су жіберуді уақытша тоқтатқан. Ондағы су резервуарлары толтыруға қойылған.

Асқар Дүзмағамбетов, «Каспий жылу, су арнасы» МКК бас инженері:

- Таң атпай ерте келіп қарап, тексердік. Мына жердегі жылу жүйесінде ақау шығып жатыр екен. Сағат 10-дан бастап жауып бастадық. Қалаға 100 градус ыстықпен беріп тұрғасын магистраль желіні 1-2 сағатқа суытуға қойдық. Қалған шағын аудандарды жылуға қосып жібердік. Кешке дейін бітіріп, қосып жібереміз қалған 7 үйді.

Мұрат Иғалиев, Энергокомбинат бас директорының бірінші орынбасары:

- Кейбір мекенжайда пластик құбырлар балқып, жарылып жатыр. Осындай апаттардың болуы біздегі резервуарларды суға толтыруға кері әсер етеді. Өйткені, қалаға ыстық су қосу үшін олар тиісті деңгейге толуы керек. Бұдан соң жөндеу басталады.