Өскеменде тұрғын үйді жөндеу жайы сотқа жетті

Өскеменде екі бірдей көпқабатты үй тұрғындары «терможаңғырту бағдарламасы» бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан олар осы қызмет үшін төлемақыны төлеуден бас тартып отыр.

Айтуларынша, жөндеуді жүргізген мердігер компания жұмыстарын шала істеп тайып тұрған. Тіпті сметада көрсетілген  20 миллион теңгенің  шаруасы істелді деуге ауызың бармайды,- дейді тұрғындар. Компанияның жұмысшылары подъезд терезелерін, балкон жақтаулары мен жабындысын ауыстырып, қасбетті сырлау керек еді. Алайда берілген уәде орындалмапты. Енді тұрғындар өз қалтасынан қаржы шығарып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Бұл аз болғандай «сапасыз терможаңғыру үшін де» 3 миллион теңге төлеуі тиіс.

Татьяна Виданова, Тұрғын үй серіктестігінің төрайымы:

- Олар жөндегеннен бұрын бізге залалын тигізді. Үйлердің шатырын майыстырып кетті. Оның барлығын ақша жинап, өзіміз жөндедік.

Владимир Фирсов, ШҚО Тұрғын үйді пайдалану басқармасының заңгері:

- Тұрғындар бекітілген кесте бойынша міндетті түрде төлем жасауы тиіс. Өйткені екі жақты келісім бар. Ал сот шешіміне сай үйдегі кем кетіктер жөнделу керек деп санаймыз. Алайда мердігер компания бірде бір талабымызға жауап бермей отыр.