Екібастұзда апат зардабын жою жұмыстары әлі жүріп жатыр

Көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілді. Енді жеке үйлерді желіге қосу қалды. Жөндеу бригадалары құбырларды ауыстырып, жаңа батареялар орнатып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астана көшесіндегі үйлерге жылу әлі толық жеткен жоқ. Жарылған батареялар ауыстырылып жатыр.             

Ерғанат Дюсухан, тұрғын:          

- Төртінші күннен бастап жұмыскерлер келіп, көмектесіп, 5 радиаторды қойып кетті. Әлі де жұмыстарды атқарып жатыр. Оларға рақмет. Ертең жылу береді деген ойдамыз.        

Үйдің ішіндегі жұмыстар аяқталғанымен, сыртқы құбырларды жылытуға уақыт керек. Қалаға төтенше жағдай енгізілген күннен бері жұмыс істеп жатқан теміржолшылар әлі бес күн осында болады.   

Ғазиз Жайылғанов, бас инженер:

- 12 бригада бүкіл Қазақстаннан жиналып, осы жерде жұмысты бастадық. Бір үйді бітірдік. Түні бойы істеп, бір күнде бітірдік. Қазір мына 9 үйді жасап жатырмыз.     

Көмекке келген жұмысшылар мен жылусыз қалған үй тұрғындарына жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Бір мысал, Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылының азаматтары көпқабатты үйдің ауласында ет асып, мұздаған жұртқа демеу болды.   

Сұңқарбек Әбдіхамит, Баянауыл ауданының тұрғыны:

- Жеті қой сойып, тағы да ақша жинап, біз өзіміз сол түскі асты дайындап жатырмыз.

Қайырымдылық шарасымен келген азаматтар мұқтаж жандардың үйлеріне азық-түлік апарып берді. Кеше Екібастұзда төтенше жағдай режимі ресми түрде күшін жойды. Ал барлық үйлер мен әлеуметтік нысандардағы  коммуналдық апат салдары толық аяқталғанша жұмыс жалғаса береді.  

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі: 

- Қаламызда осындай техногендік апат болғаннан кейін жалпы жылу желілерінде ақау пайда болды. Таңнан бастап осы жылу желілеріндегі ақауларды жөндеуді бастадық. Енді ол жақын арада жалғасатын болады.

Кеше қалада жаңа магистраль іске қосылды. Сәтбаев атындағы көшеде орналасқан 8-үйдің су құбыры толық жаңартылды. Төтенше жағдайды жоюға сантехник, электрик, дәнекерлеушілер еліміздің әр түпкірінен келді. Мыңға тарта адам желдің өтінде, бетін аяз қарыса да, тынбай еңбек етіп жатыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат