Елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлердің мәселесін шешуге 130 млрд теңге жұмсалды

3 жылда 130 млрд теңге жұмсалды. Елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлердің мәселесін шешуге, осынша қаржы қаралған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бұл проблеманы түбегейлі жоюға көмектеспей отыр. 

Алма, қала тұрғыны:

- Міне осы объектіні алғанымызға 9-жыл боп жатыр. Әлі жүрміз кілтін ала алмай жатырмыз. Қаншама ақшамыз кетті осы үйге. Қаншама басшылар ауысып жатыр. Біз қараша кезінде бардық Елорда құрылысқа. Жауаптылар өзі айтты қарашаның 15-не кілтті береміз деп. Қайдағы 15 қараша, қазір міне желтоқсанның аяғы боп қалды.

Бұл елорданың сол жағалауында 9 жылдан бері салынып бітпеген үйдің мәселесінен мезі болғандар. 200 үлескер 2014 жылы пәтерлі боламыз деп жиған-терген қаржысын құйыпты. Сонда да құрылыс қарқын алмайды. Амалы таусылған қараша арыз жазып, жауапты компания басшысы 9 жылдан астам уақытқа сотталған.

Асхат Мүбәраков, Тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрағасы:

- Шарт бойынша үйді тапсыру мерзімі биыл қаңтар айы еді. Әкімдік бізге тіпті 2021 жылдың желтоқсанында, мерзімінен бұрын тапсыруға уәде берді. Алайда, міне 2022 жыл аяқталуға жақын ал біз әлі үйіміздің кілтін алған жоқпыз. Елорда құрылыс компаниясы ай сайын ресми хат жіберіп уақытты созып отыр. Әлі күнге бұл үйге жылу,су,электр жарығы тартылмаған.

Әкімдікке қарасты жауапты мекеме басшысы инвесторлардың бірімен шарт бұзылып жатқаны туралы айтты. Себебі коммуналдық желілерге жауапты инвестор жұмысты уақытылы істемеген. Құрылысты тұралатқан да осы, сыртқы желілерсіз үйде ішкі жұмыстарды бастауға болмайды, - дейді әкімдіктегілер.

Мақсат Шаяхметов, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС атқарушы директоры:

- Нысан инженерлік желілерге қосылмағандықтан екінші инвестор ішкі әрлеу жұмыстарын бастай алмай отыр. Сыртқы жұмыстар бойынша жауапты болған инвесторға келісім-шартты біржақты тәртіппен бұзу туралы хат жолданды. Енді оның орнына басқа компания іздейміз. Бұл он күнге созылатын жұмыс. Үйді нақты қай уақытты тапсыратынымызды әзірге айта алмаймын.

Қаланың қақ ортасында орналасқан Тұран-Сығанақ тұрғын үйінің құрылысын аяқтау үшін 10 млрд-тан аса қаражат керек, - дейді жауапты компания өкілдері. Осы себептен болса керк құрылыс қарқынды емес. Өкінішке қарай тұрғандар жаңа жылды жаңа пәтерлерінде қарсы алмайды.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Руслан Әлиев