Бас прокуратура Владислав Челахтың ісін қайта қарауы мүмкін

Бас прокуратура Владислав Челахтың ісін қайта қарауы мүмкін

Бас прокуратура өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың ісін қайта қарауға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан бірнеше күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында сотталған азамат қайғылы оқиғаның толық көрінісін ашуға ниетті екені айтылып, тергеуді қайта жүргізуді сұрағаны жайлы ақпарат шыққан еді. Енді құзырлы орган өтініш түскенін растап, тергеуді қайта жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, Владислав Челах осыдан 10 жыл бұрынғы «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Тимур Тәшімбаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Өтініші Бас прокуратураға келіп түсті. Оны қосымша зерделейміз. Өйткені бұл іске 10 жыл уақыт өтті. Қажеттілік болса, ол қайта тергеледі. Ал одан кейін не болары анықталады.

Сондай-ақ Бас прокуратура Михаил Козачковтың ісіне қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан баспасөз хабарламасының заңдылығын тексереді. Естеріңізде болса 18 желтоқсан күні журналист ұйымдасқан қылмыстық топқа көмек көрсетті деген күдікпен ұсталған еді. Сол кезде оның қандай қылмыс жасағаны жайлы ресми ақпарат тараған. Алайда прокурорлар сот үкімі шықпайынша, тұлға кінәлі деп саналмайды, бұл мәселе бойынша тексеріс жүріп жатыр деп мәлімдеді.