Қостанай облысында 35 үйді су басты
Қостанай облысында тасқынның беті қайтар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қарасу ауданына қарасты Қарамырза ауылында 35 үйді су басты. Одан басқа 60 үйдің ауласына су кірген. Молодежный елді мекеніндегі бір үйге де тасқыннан залал келген. Бұған Түнтігүр өзенінің тасып, бір тәулікте шамамен жарты метрге дейін көтерілуі себеп.
Кешелі бері қауіпті аймақтан 38 адам эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Барлығы, өз қалауы бойынша туыстарының үйіне орналастырылды. Құтқарушылардың айтуынша, жиналған суды айдау жұмыстары өзен суы тартылғаннан кейін жүргізіледі.
Еске сала кетсек, күні кеше Түнтігүрдің тасуынан Железнодорожный ауылына тасқын су жеткен.
Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Тасқынға қарсы жұмыстарға 25 құтқарушы жұмылдырылды. Одан қалды 6 ауыр және суда жүзетін 3 техника осында. 14 мотопомпаның мүмкіндігін пайдаланып жатырмыз. Жағдай біздің бақылауымызда.