Қызылордалық жасөспірім өзге сыныптағы оқушыға пышақ сұғып алды
Қызылорда қаласындағы 11 сынып оқушысы өзге сынып оқушысына пышақ сұғып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқиға 4 сәуір күні № 217 мектеп-лицейінде болған. 17 жастағы жасөспірім көрші сыныпта оқитын құрдасымен сөзге келіп қалып, арты жанжалға ұласқан. Сол сәтте оқушылардың бірі екіншісін үш жерден пышақтаған. Жарақаттанған жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін 5 сәуір күні үйіне шығыпты. Күдікті жасөсіпірім Қызылорда қалалық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, содан соң ата-ана қарауына тапсырылды. Оқушылардың ата-аналары бір-біріне шағымданбайтынын жеткізген.
Зоя Көшенова, Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Пышақтың тиген жері – сол иығы, сол кеуде тұсы және сол саны. КТ түсірілді, кеуде клеткасын, ішкі құрылысын УЗИ түсірдік. Балада ол жағы аман, тек сыртқы тері қабатының зақымдалуы көзге түсті. Соған байланысты «обработка» жасалып, тігіліп, бала амбулаториялық бақылауға үйіне жіберілді.
Самат Күнходжаев, қалалық білім бөлімінің бас маманы:
- Аталмыш жағдайға байланысты қалалық білім бөлімі және облыстық Білім басқармасы атынан жұмысшы тобы құрылып, қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сондықтан ешқандай ақпарат бере алмаймын.