Өскемендік жұмысшы өндіріс орнында бір аяғынан айырылды
Өскеменде жылу электр орталығының жұмысшысы соқтығысқан вагон ортасында қалып, бір аяғынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жылу станциясы қауіпсіздік талаптарына салғырт қарады деп азаматтың өзін айыптап отыр. Тіпті арнайы құрылған комиссия шешімі де осыған саяды. Алайда зардап шеккен Ержан Сапарғалиев бұнымен келіспейді. Жалпы өндірісті өлкеде жазатайым оқиғалар азаяр емес. Жыл басынан бері 24 адам жұмыс істеп жүріп түрлі жарақат алған. Оның біреуі көз жұмды.
Ержан Сапарғалиев жазатайым жағдайды қинала еске алады. Оқиға қас-қағым сәтте болды, - дейді. Міндеті вагондарды бағыттау екен. Бірақ әп-сәтте екі құрамның ортасында қалай қалғанын өзі де сезбеген. Жантүршігерлік жайды зерттеген комиссия құрамы жұмысшы 80% өзі кінәлі деп түйген. Бұны естіген азамат жағасын ұстады.
Ержан Сапарғалиев, «Өскемен ЖЭО» ЖШС жұмысшысы:
- Болашақта соның бәрі кедергі болады ғой. Соның бәрін бастықтар ойлай ма, ойламай ма? Адам тағдырын қалай шешіп отыр? 80%-пен қалай келісем? Комиссияны кім құрып отыр? Ол комиссияда кім болды?
Ауыр жарақат пен психологиялық соққы алған Ержанның күні қазір тек әйеліне қарап қалды. Жұбайы күтім жасау үшін жұмысынан шықты. Жылу электр орталығы басшылығына өкпесі қара қазандай. Айтуынша, әу бастан көмек беруге асықпаған. Әлеуметтік желіге шығып, қоғам назары ауған соң ғана қаражат аударуға ниет білдіріпті. Әсемнің «өндіріс орны жолдасымды өмірінің соңына дейін протезбен қамтыса» деген талабы бар.
Әсем Азылханова, зардап шегушінің жары:
- 10 протез құны – 80 млн. Маған ешқандай ақша керек емес, оны 3 жылда бір ауыстырып тұра ма, 2 жылда бір ауыстырып тұра ма және оның жөндеу жұмыстары да болады екен арасында. Бір жылда сіздер бәленбай рет келесіздер дейді жөндеу жұмыстарына. Соның бәрін өздері көтерсін деп ойлаймын.
Ал жұмыс берушілердің пайымынша, Ержан қауіпсіздік ережесін өрескел бұзған.
Медет Мұздапаров, «Өскемен ЖЭО» ЖШС қауіпісздік және еңбекті қорғау қызметінің жетекшісі:
- Артқы баспалдақпен көтеріліп түскен болатын, ереже бойынша шеткі баспалдақта алдыңғы жолды қарап отыру керек. Теміржол бұру қондырғысын тура бағытқа қаратып кету керек еді, соны қаратуға ұмытып кетті ме? Жұмысшы тарапынан 2 дөрекі қателігі болды.
Көмектен тартынбаймыз, тіпті кейін мүгедектігіне сай жұмысқа да орналастырамыз, - деп уәде берді кәсіпорын басшысы. Бірақ «осы оқиғаға жұмысшы кінәлі» деген жауаптан танбады. Тек мемлекеттік инспектор бұған үзілді-кесілді қарсы.
Талғат Орынбеков, мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Жұмыс ережесі жасалады, соны бірінші жұмысшы өзі қарайтын болса, жұмыс беруші оны екі есе қадағалау керек. Жұмыс берушінің ең басты кінәсі осы деп есептеп, сондықтан жұмыс беруші кінәсі 70% деп шешіп отырмын. Осындай ерекше пікір жаздым.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы енді қайта тексеріс бастайды. Шешімі 2 аптадан соң шығады. Егер жұмыс беруші кінәлі болса, кәсіпорын зардап шегушінің алдағы ем-дом, протез шығынын өтеуге міндетті.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер. Бабаханов.