Өскеменде он екі қабатты үйдегі өрттен екі бала ауруханаға түсті

Өскеменде  бүгін таңертең 12 қабатты үйдің 12-қабатынан өрт шықты.

Славский жағалауындағы зәулім ғимараттың пәтер терезелерінен қара түтін мен қып-қызыл от будақтады. Өрт сөндірушілер соңғы қабатқа автокөтергіш арқылы ғана жетіп, жалынды өшіруге  кіріскен. 9 адам аман-есен сыртқа шығарылды, оның төртеуі бала. Көрші пәтерден иіс тию белгілері байқалған 14 және 9 жастағы екі бала ауруханаға жеткізілді. Тілсіз жауды жоюға 35 адам, 10 техника қатысты. Пәтер иесі оқыс оқиға кезінде үйде болыпты. Өрті өшіруге шамасы жетпейтінін біліп, көмек шақырып,өзі далаға қашқан. Оттың тұтануына электр құрылғысын қолдану не монтаждау кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін.