Түркістан облысында жеткіншекті тоқ соқты
Түркістан облысында 10 жасар бала электр тоғына түсіп, мүгедек боп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қайғылы жағдай Қазығұрт ауданы Шанақ ауылында тіркелді. Көшеде ойнап жүрген балалар подстанция қоршауының ішіне кірген есекті қуып шықпақшы болған. Байқаусызда 10 жасар Бейбарыс қолы қондырғыға тиіп кетіп, 35 мың вольттық электр қуаты сұлатып салған. Салдарынан баланың қолы мен аяқ тамырлары күйіп қалды. Дәрігерлер оның бір аяғын тізеден кесіп тастауға мәжбүр болған. Баланың мүгедек боп қалғанына күйінген ата-анасы энергетиктерді кінәлайды. Тым болмаса ауруханадағы емнің шығынын өтеп, жаңа оқу жылы басталғанша протез аяқ жасатып берсе, - дейді. Бірақ аудандық электр желілері мекемесінің өкілдері подстанция маңында қауіпсіздік ережелері талапқа сай болғанын, ешқандай көмек берілмейтінін айтады.
Салықбай Төрешов, Бейбарыстың атасы:
- Қоршаудың есігі ашық тұр. Ешқандай құлып жоқ. Ішінде бала жылап жатыр. Қасында кішкентай бала отыр. Аяқтары мен қолдары күйген.
Жаханбек Серікбаев, Қазығұрт ауданы электр желілерінің бас инженері:
- Қоршау болған. 1977 жылы құрылған подстанция. Содан бері қоршау бар. Құлып болған. Өздерін қорғау үшін, бөтен, қорғалған аймаққа кіргені үшін айтып жатыр ата-аналар.