Ақтөбе облысында аяздан жылқы қырылды

Ақтөбе облысында аяздан жылқы қырылды

Ақтөбе облысының бірқатар ауданында ауа райының күрт құбылуынан қар үстіне мұз қатып, жылқы малы тебіндей алмай, шығынға ұшырауда.

Мұғалжар ауданының Ақсу ауылы маңында бір үйір жылқы мұзда қатып қалған. Ертелі-кеш малға жем-шөп тасыған шаруалар қыс ұзап кетсе төрт-түлік қырылуы мүмкін деп алаңдайды.

Ақтөбе облысында бірнеше күн қатарынан соққан ақтүтектен кейін жылымық орнап, арты саршұнақ аязға ұласты. Кей жерлерде қардың қалыңдығы белуарға жеткен. Тебіндеуге қылтиған шөп таппаған бір үйір жылқы боранмен ығып сай-салада бас сауғалаған. Алайда тұяғымен мұзды аша алмаған жануарлар сіресе қатып қалған.

- Мынаның астында біреуі жатыр, мына жерде білмеймін енді неше бас жатырғанын. Міне бір бас. Жалы көрініп жатыр. Так.. бір бас, екі бас, үш бас, мынау жабағы, құлақтарын жеп қойған. Бес бас анық жатыр.

Ауылдағы ағайын әдетте тебіндеп жүретін Қамбар ата төлін елді мекендердің маңына қайыруға шықты. Себебі бүгін көп жерлерде сырғақ жауып, айнала көк мұз болған. Алыс кеткендерін түрлі көлікпен қуып жетіп, қайырып әлек.

- Мынау жетім биеңіз бе? Шәкітаудың артында жүр. Аяғы қатып жатыр. Кесіп көремін енді қазір...

Мұндай жағдай облыстың теріскей беткейінде қалыптасқан. Ауа райының қыңыр мінезінен зардап шегіп отырған жылқышылар қыс ұзаса төрт-түлік қырылады деп алаңдаулы.

Жиған-терген мал азығы аздық етуі мүмкін дейді. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдері жағдайды тұрақты санайды. Тек Мұғалжар ауданында ғана бірлі-жарым жылқының ұшасы ғана анықталғаны болмаса, өзге аймақтарда мал шығыны жоқ. Жаппай қырылу дерегі болмайтындығына да сенімді. Себебі жем-шөп жеткілікті.

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Мұндай табиғат құбылысы 15-20 жылда қайталанатын құбылыс. Биыл бір ерекше қиындық туындатып тұр. Дей тұрғанмен малдың жаппай қырылу деген қауіп болуға тиісті емес. Өйткені мал қыстату науқанына 2 млн 800 мың тоннадан астам ірі сабақты мал азығын дайындадық. Ол шөп, одан басқа жемдік азықтың да қажетті қоры жинақталды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қар аралас жаңбыр облыстың барлық ауданында жауған. Дәл қазір өңірде жер көктайғақ. Синоптиктер облыстық батысы мен солтүстігі және шығыс бөлігінде көктайғақ болуы мүмкін деп болжап отыр. Тұман да бар. Сондықтан ауылдағы ағайын үшін жағдай қатерлі боп қала бермек.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков