Майқайың кентінде төтенше жағдай жарияланды
Майқайың кентін сумен жабдықтайтын құбырдың жарылуы жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға себеп болды.
Коммуналдық апатты жою бес күннен бері жалғасып жатыр. «Екібастұз қалалық су арнасы» мемлекеттік мекемесінен шығатын магистраль «Богатырь Көмір» кенішін басып өтеді. Қазір кенішке су беру де уақытша тоқтатылған. Ал Майқайыңға тіршілік нәрі төмен қысымда келіп жатыр. Жөндеу жұмыстарына 143 адам, 60 бірлік мамандандырылған техника тартылды. Су құбырының жалпы ұзындығы 60 шақырым. Он мыңдай халқы бар ауыл халқы тәулігіне 250 текше метрдей су тұтынады. Қазір тіршілік нәрінің бір тәулікке жететін қоры жасақталған. Резервуарларға су тұрақты түрде толтырылып жатыр.
Жансерік Қабзолла, Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы:
- Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақты көмір және ағаш шпалдарды жағу арқылы жылытуда. Қазіргі уақытта 5 учаскеде құбырды жылыту жұмыстары жүргізілуде. Яғни бұл жер асты және жер үстіндегі құбырлар. Анықталған ақауды жою бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде барлығы 4 шақырымға жуық құбыр жылытылды. Майқайың кентіне қазір су төменгі қысымда берілуде.