Елордада көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрт толық сөндірілді

Өрт сөндірушілер 2 адамды құтқарып, 12 тұрғынды эвакуациялады, деп хабарлайды 24kz.

Ғимараттың қасбеті лезде жанып кетті. Құтқару жұмыстарына 91 қызметкер атсалысты. 20 техника жұмылдырылды. Жедел штаб құрылып, қызыл жалынды дереу сөндіруге кірісті. Алдын ала мәлімет бойынша өрт дәнекерлеу жұмыстары кезінде тұтанған. Қазір оқиға орнында құқық қорғаушылар жұмыс істеп жатыр.

Бас шаһардың көрнекті жерінде орналасқан ғимарат қас-қағым сәтте отқа аранды. Жан-жақтан түсірілген осы сияқты бейнежазбалар іле-шала әлеуметтік желіде қаптап кетті.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Оқыс оқиға сағат үштер шамасында басталған. Тұран көшесі 37/9 мекенжайында орналасқан тұрғын үй кешені отқа оранды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенде 26 қабаттағы ғимараттың қасбеті жанғаны белгілі болды. Сол кезден бастап ТЖ қызметі дереу өрт сөндіруге кірісті. Дереу ғимарат ішіндегі жандардың барлығын эвакуациалады.

Көпқабатты кешенде тұратын Асанәлі есімді азамат әлеуметтік желіден үрей тудыратын видеоны көріп, осында дереу жеткенін айтады.

Асанәлі Төлеміс, қала тұрғыны:

- Атамның үйінде болғанмын. Өртті көрген кезде жүгіріп келгенмін. Пәтерімде екі мысығым бар. Менің білуімше, жуыну бөлмесінен, әжетхана жақтан шыққан. Үшінші қабат. Сол жақтан шыққан. Құрылыс-жөндеу жұмыстары болған ол жерде. Одан басқасын білмеймін.

Жалынның неден тұтанғаны әзір белгісіз. Оқиға орнында құрылған жедел штаб себебін анықтап жатыр. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ тұрғын үй кешенінен эвакуацияланған бірнеше адам жедел жәрдем қызметіне жүгініпті. Соңғы мәлем бойынша 4 адамға аздап иіс тиген. Олар ауруханаға жатудан бас тартты.

Динара Нұрғалиева, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

- Жалпы осы ғимараттан жедел жәрдемге келіп түскен адамдардың саны – 8. Оның біреуі кішкентай бала.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша қызыл жалын шамамен 250 шаршы метрді шарпыған. Тілсіз жаумен күреске 87 өрт сөндіруші мен 19 арнайы техника тартылды. Дәл осындай оқыс жағдай 2021 жылы да болған еді. Ол кезде көршілес тұрған «Қазақмыс» ғимараты шатырдағы жөндеу жұмыстары себебінен отқа оранған-ды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Өрден Жарқын