Бесшоқы ауылында тамақтан жаппай уланған оқушылардың саны 141-ге жетті. LIVE
Маңғыстау облысында тамақтан жаппай уланған оқушылардың саны 141-ге жетті. Қазір өңірде арнайы штаб құрылды.
Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазір 82 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Оның 43-і үй жағдайында емделіп жатыр. 16 бала ауруханаға жатқызылған. Жаппай уланудың себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті талдау сынамаларын алып, тексеріс жүргізген.
Динара Нағимоллақызы, Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы:
- Атаулы мектептегі ата-аналардың әрбір сыныбындағы чатына өзім, Мұнайлы ауданының білім бөлімінің басшысы, мектеп басшылығы, жауапты мамандар, сонымен қатар 2 дәрігер қосылды. Дәрігерлер атаулы чаттарда ата-аналармен тікелей байланыста болып, кеңес беріп сұрақтарына жауап беріп отыр. Ауырып тұрған, симптомы бар бала болса, уақыт создырмай, дәрігерлердің көмегіне жүгінулеріңізді сұраймыз.
Есіңізге сала кетейік, 6 қыркүйек күні Мұнайлы ауданының №8 мектеп оқушылары іш ауруы мен дене қызуына шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Білім басқармасының өкілі ата-аналарды баланың ауырып тұрғанын байқаса, дереу дәрігерге хабарласуын сұрайды.
Оқушылар жаппай уланған Мұнайлы аудандық номері №8 мектепке шұғыл медициналық көмек бекетінен 12 бригада барған. Сондай-ақ Мұнайлы аудандық ауруханасынан 5 бригада тартылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Жағдай аймақ әкімінен бастап, құзырлы органдардың да жіті бақылауында.