Маңғыстау облысында тамақтан уланған оқушылар саны 287-ге жетті
Маңғыстау облысында тамақтан жаппай уланған оқушылар саны 287-ге жетті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Қазір 67 бала Ақтаудағы ауруханада ем қабылдаса, екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жаппай улануға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті талдау сынамаларын алып, тексеріс жүргізген. Мамандардың айтуынша, сынамалардың қорытындысы 3-5 тәулік ішінде дайын болады. Оқыс жағдайға байланысты облыс әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Науқастанып қалған балалар мен ата-аналарына психологтар тобы көмек көрсетіп жатыр.
Динара Нағимоллақызы, Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы:
- Атаулы мектептегі ата-аналардың әрбір сыныбындағы чатына өзім, Мұнайлы ауданының білім бөлімінің басшысы, мектеп басшылығы, жауапты мамандар, сонымен қатар, 2 дәрігер қосылды. Дәрігерлер атаулы чаттарда ата-аналармен тікелей байланыста болып, кеңес беріп сұрақтарына жауап беріп отыр. Ауырып тұрған, симптомы бар бала болса, уақыт создырмай, дәрігерлердің көмегіне жүгінулеріңізді сұраймыз.