Оқушылардың жаппай улануы: талдау қорытындысы 5 тәулікте дайын болады

Маңғыстау облысындағы оқушылар жаппай уланған мектепте санитарлық тексерулер жүргізілді, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар сынамалардың қорытындысы бес тәуліктен кейін дайын болатындығын айтты. Мұнайлы ауданындағы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды.

6 қыркүйектен бері Бесшоқы ауылында 287 бала сабақтан соң өзін жайсыз сезініп, медициналық мекемелерге қаралған. «Қазір 67 оқушы Ақтаудағы орталық балалар ауруханасында жатыр. Екеуі жансақтау бөліміне түсті. 9 жастағы қыз бен ұл баланың жағдайы ерекше назарда», - дейді облыстың бас дәрігері.

Бекболат Ізбасаров, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Түскен кезде ішінің ауырсынуы, жүрегі айнуы жалпы әлсіздік белгідерімен түскен болатын. Бүгінге жағдайы жақсаруда. Бір баланың бүгін біздер жалпы бөлімге ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Амбулаторлық деңгейде бізде 220 бала қарауда жүр. Бесшоқы және де Мұнайлы аудандық аурухасында регидратациялық бекеттер ашылған болатын. Мұнда балалар қажетті ем-домын алып жатыр.

Оқыс жағдайға байланысты облыс әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір психологтар науқас балалар мен олардвң ата-аналарына қажетінше көмек көрсетіп жатыр.

Мәди Тоқанов, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:

- Әрине, олар шошып, біраз қобалжыған. Дегенмен де, психологтар жұмыс істеп жатыр. Мұнайлыда мамандар қазір кезекшілікте. Үш-үш психологтан. Бұл ауру бақылауға алынған ауру. Қазір азайып жатыр. Бірақ психикалық көмектің бәрі жасалып жатыр. Елуден астам адам бар. Әр екінші ата-аналарға да көмек көрсетілді.

Оқушылардың нақты неден уланғаны әзірге белгісіз. Санитарлық талдаулар мектеп ғимаратында, соның ішінде асханада жүргізілді. «Талдаулар қорытындысы бес тәулік ішінде дайын болады», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев