Талғардағы трагедия: Ш.Болаттың туыстары соттың ашық өтуін талап етуде

Талғардағы трагедия: Ш.Болаттың туыстары соттың ашық өтуін талап етуде

Талғарда жаппай төбелес кезінде көз жұмған 16 жастағы Шерзат Болаттың туыстары тергеу амалдарының әділ өтіп, ашық сот болуын талап етеді, деп хабарлайды 24kz.

Қылмыстық іс Алматы облыстық полиция департаментінде қаралып жатыр. Адам өліміне алып келген оиқаға қатысы бар жеті күдікті қамауға алынды. Бүгін Шерзаттың туыстары департаментке барып, тергеушілердің сұрақтарына жауап берді.

Алмас Садуақас, тілші:

- Талғарда болған трагедия жай ғана бұзақылық емес, ауыр қылмыс. Еске салсақ, оқиға 4 қазан күні болды. Жанжал Шерзат Болаттың отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, дүкенге келген сатып алушы спирттік ішімдіктің ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған. Бір топ азамат Шерзат пен әкесін жабылып ұрып, пышақтайды. Ауыр дене жарақатын алған жасөспірім қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырады. «Талғар аудандық полиция басқармасында іс біржақты қаралды», - дейді қаза болған Шерзаттың туыстары. Бұған дейін әкесі аудандық әкімдік алдына шығып, әділдік сұрады. Әлеуметік желі арқылы жағдай жалпы жұртқа белгілі болғасын іс Алматы облыстық полиция департаментіне жолданды. Шындық іздеп шырылдаған марқұмның әпкесі Бақыт Реимова қылмысқа қатысы бар барлық күдіктілерге қатаң жаза қолдану өтінді.

Бақыт Реимова, Шерзаттың әпкесі:

- Менің өрімдей, енді ғана 16-ға толып, әлі өмір көрмеген бауырым сондай жауыздардың қолынан марқұм болып отыр. Видеода көріп жатырсыздар, қандай жауыздықпен өлтірілгенін. Сондықтан менің талап арызым ашық сот өтсін. Қылмыскерлердің бәрі ұсталсын. Қазір енді департаментке ауыстырып жатыр ғой бұл істі. Енді осы департаментке ауысқаннан кейін іс дұрыс қаралады деген үміттемін.

Алмас Садуақас, тілші:

- Ресми ақпаратқа сүйенсек, жеті адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Сондай-ақ жәбірленуші Бақыт Реимова 13 адамның ішінде болған екі әйелге куәгер деп қарамай, күдікті ретінде жауапқа тарту керектігін сұрайды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы,2-тармағы бойынша қозғалды. «Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде», - деді Алматы облысы полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік Шалқаров.

Серік Шалқаров, облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы:

- Біздің осы Талғар ауданының полиция қызметкерлері бойынша қазіргі таңда қызметтік тексеру жүріп жатыр. Қызметтік тексеру біткеннен кейін барып, соның шешіміне қарап шешім қабылданатын болады. Қазіргі таңда ол жерде «Хуторский банда» деген жоқ. Ешқандай ОПГ жоқ. Және де қылмыстық іспен өтіп жатқан азаматтар ол жерде бір топта, не болмаса бандада тұрмайды.

Ал облыстық прокуратура: «Барлық жағдайларды анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған объективті тергеуге кепілдік береміз», - деп мәлімдеді. Күдікті жеті адам әзірге екі ай көлемінде қамауда болады. Бүгін сондай-ақ жәбірленуші тараптың адвокаттары мен өкілдері Қонаев қаласында болып қылмыстық істің материалдарымен танысты.