Қарағандыда есірткі зертханасы жойылды
Қарағанды облысының полиция департаменті қала аудандарының бірінде заңсыз жұмыс істеген ірі есірткі зертханасын жойды.
Операция барысында 1 тоннадан астам прекурсор мен 10 келідей дайын альфа-pvp есірткі заты тәркіленді. Прекурсор салынған 6 ағаш бөшке, 35 шыны науа, 4 қап ұнтақ зат пен 5 противогаз, сондай-ақ 3 келі альфа-pvp есірткісі бар вакуумды қап табылды. Тәркіленген заттар 39 жастағы қарағандылық тұрғынның BMW X5 маркалы автокөлігіне тиелген. Күдікті көлігімен тұрғын үйге жүк тасымалдау әрекеті кезінде ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу басталды.
Ғалымжан Бекболатов, Қарағанды облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде 500 мың дозаға жуық синтетикалық есірткінің қара нарыққа шығарылуына жол берілмеді. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттерге жаңа қатысушылардың, соның ішінде азаматтық тұрғындар арасынан ықтимал курьерлер тартылуына нүкте қойылды.