Қостанай облысының автожол саласында жемқорлық анықталды

Қостанай облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында жұмыстардың құнын негізсіз көтеру фактілері анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің дерегінше, әкімдіктер сметаға жоба сомасының 2% мөлшерінде күтпеген шығыстарды енгізген. Заңға қарсы әрекеттің салдарынан жолдарды жөндеу құны 840 млн теңгеге өскен. Сонымен қатар сметаны қалыптастыру кезінде сметалық пайда 8%-тік ескі нормативпен есептелген. Ал жаңа ережеге сай ол 5% болуы керек. Мониторинг кезінде мердігер орындаған жұмыстардың сапасын бақылау жолдардың кейбір учаскелерінде ғана жүргізілгені де анықталды.

Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Нәтижесінде жыл сайын жөнделетін учаскелердің 20-30% Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы тексермеген. Мысалы, Меңдіқара ауданында БоровскаяҰзынағаш жолының 3 шақырымында ғана сынақ жүргізілген, оның ұзындығы – 28 шақырым. Талдау қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі шарттардың талаптарын қайта қарап, күтпеген шығыстар алынып тасталды, сондай-ақ мердігер ұйымдар 32 млн теңге көлемінде негізсіз алынған қаражатты өтеді.