Шерзат Болаттың нағашы ағасының мәйті табылды
Талғар қаласының маңынан марқұм Шерзат Болаттың нағашы ағасының мәйті табылды. Алматы облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 30 жастағы ер адам өз өзіне қол жұмсаған. Қала тұрғындары оның өзен жағасындағы ағаштардың бірінде асылып тұрғанын байқап, полицияға қоңырау шалыпты.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады. Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болды. Түнде күзетте болған қызметкерлердің айтуынша, ол кеше 23:30-да күзетілетін нысаннан жеке автокөлігімен шығып кеткен.
Бағдат Әшімов, Алматы облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Құрметті азаматтар, тек ресми деректерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске саламыз.