Абай облысында қараусыз малдың кесірінен көлік апаты көбейген
Абай облысында қыс басталғалы қараусыз мал көбейді. Соның кесірінен жол көлік оқиғасы да жиілеп кеткен, деп хабарлайды 24kz.
Жыл басынан бері осындай 200-ден астам жол апаты тіркеліп, бір адам опат болды.
Полицейлер қараусыз жүрген малды айып тұрағына қамап жатыр. Қазір жауапты мамандар мен шаруашылықтар бірлесіп белгі қойып, жол бойына қоршаулар орната бастады.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қуат Ешенғалиев осыдан 3 жыл бұрын көлігімен жылқы қағып, жол апатына түскен. Соның салдарынан қолы сынып, бірнеше ай ауруханада ем қабылдапты. Автокөлігі ресейлік тіркеуде болған соң ешқандай шығын өндіре алмаған. Өзім қалада тұрам. Ауыл жаққа жиі қатынаймыз. Бір байқағаным, мал иелерінде мүлдем жауапкершілік жоқ. Бақташы да, басқасы да бұл мәселеге жүрдім-бардым қарайды. «Соның кесірінен жол апаты жиі болады», - дейді ол.
Қуат Ешенғалиев, қала тұрғыны:
- Негізі жазаны күшейту керек. «Мал асырама», - деп ешкім айтпайды ғой. Малды асыра, бірақ ие бол. Оны асырағаннан жолдың шетіне жіберіп қоя салу деген екінің бірінің қолынан келеді.Ал қаншама адам соның кесірінен обалды болып өліп жатыр. Жарақат алып, жапа шегіп жатыр. Соның біреуі менмін, міне.
Абай облысында жыл басынан бері 600-ден астам жол апаты тіркелсе, соның 200-ден астамы қараусыз малдың қатысуымен болған. Жол қозғалысына кедергі келтіретін мал заң бойынша арнайы белгіленген айып орынға қамалуы тиіс. Егер төрт түлік қараусыз жүріп көлік астына түссе құлағындағы сырғасы арқылы иесі анықталып, айыппұл салынады. Бұған қоса малшы апаттың шығынын өтеуі тиіс.
Әрсен Бақзатов, Абай облысы ПД жергілікті полиция басқармасының инспекторы:
- Соңғы 11 ай ішінде Абай облысында қараусыз малдың қатысуымен 229 көлік апаты тіркелді. Салдарынан бір адам қайтыс болып, 67 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін 200-ден астам малшыға айыппұл салынды. 11 мыңнан астам мал айып қорасына қамалды.
«Қазавтожол» ұлттық Компаниясының өкілдері Өскемен – Семей тасжолының 18 шақырымына қоршау орнатқан. Келесі жылы дәл сонша жерді қоршау жоспарланып отыр.
Ержан Қалелов, «Қазавтожол» ҰК АҚ Абай облыстық филиалы пайдалану және қауіпсіздік бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылдың анализін тоже жасадық. Келесі жылға тағы да 18 мың погонный метр қарастырып отырмыз. Малдың қоршауы келесі жылы Таскескен – Бақты тас жолына қарастырылған. Өздеріңіз білесіздер ол жақта турситік аймақ Алакөл бар. Сол жолда да мал көп жүреді.
Абай облысына қарасты тасжолдарда 8 учаске қауіпті деп танылған. Бүгінде сол аумақтарға үй жануарларының суретімен макеттер қойылды. Тәртіп сақшылары шаруалардан төрт-түлігін қараусыз жібермеуін сұрайды. Биыл өңірде11 мыңнан астам мал айып қорасына қамалды. 200-ден астам малшы айыппұл арқалады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов