Қостанайда жедел жәрдем қызметкерін науқастың туыстары соққыға жықты

Қостанайда шақыртуға барған жедел жәрдем қызметкері соққыға жығылды.

Оқиға түнгі сағат 11 шамасында болған. Медициналық бригада 4 минут ішінде айтылған мекен-жайға жеткен және демікпесі бар, жүрегі шаншыған зейнеткерге шұғыл көмек көрсетіледі. Жарты сағат реаниамациялық іс-шара жасалады. Алайда науқасты аман алып қалу мүмкін болмады, дейді жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Давид Саркисян. Марқұмның ашуға мінген жақындары жедел жәрдем фельдшеріне тарпа бас салып, шашынан тартып, ұрып соққан. Араша түскен әріптестеріне де қол жұмсаған. Ақырында 24 жастағы медицина қызметкері бас миы шайқалып, іш, бет жарақатын алып, ауруханаға түсті. Полиция ұрып-соғу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қостанайда биыл жедел жәрдем қызметкерлеріне екі рет шабуыл жасалған.

Давид Саркисян, облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- 2025 жылдан бастап барлық жедел жәрдем бригадаларын дыбыс, және бейне жетондармен жабдықтаймыз. Барған жерінде барлық іс-әрекеттер таспаға жазылады. Бұл шиеленісті жағдайдың шемімін табуға септігін тигізеді. Және шақырушы адамдардың да, медициналық қызметкерлердің де тәртібіне жақсы әсер етеді деп ойлаймын.