Жетісулық дәрігер ұшақтағы жолаушыны аман алып қалды

Жетісулық дәрігер Жидда – Алматы бағытындағы ұшақта аллергиясы асқынып, денсаулығы күрт нашарлаған жолаушыны ажал аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды 24kz.

Көрер жарығы бар науқасқа көмек көрсеткен кім?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Мұрат Иманғазинов қажылықтан қайтатын ұшаққа мінерде үш дәріні қатар ішкен. Әуе кемесі көкке көтерілгенде содан бет-аузы ісіп, тынысы тарылған. Абырой болғанда, ұшақтағы жолаушылар арасынан дәрігер мен қажетті дәрі де табылды.

Мұрат Иманғазинов, Павлодар облысының тұрғыны:

- Оттек финке деген 10-15 минуттың ішінде адам өліп кетеді. Сондай жағдайда сондай сәтте сондай дәрігер бауырымызды жіберіп, оның табылғаны, сондай дәрілердің табылғаны, жағдай жасағаны – бұл бір Алланың құдіреті.

Жаны қысылған жолаушыға екпе салып, бес сағаттай бақылауда ұстаған дәрігердің аты – Жаннұр Сырымов. Ол ата-анасын қасиетті мекенге апарып, қайтып келе жатты. Егде кісілерді ертіп жүрген соң сөмкесіне тиісті дәрілерді салып алған. Денсаулық сақтау саласының үздігі Сауд Арабиясына ұшып бара жатқанда да науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Жаннұр Сырымов, Көксу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Жұмысты енді бастап жатқан кезде жедел жәрдемде қызмет еттім ғой. Сол кездегі тәжірибем де өзіме сенімділік берді. Дәл осындай науқастарды кезіктірген едім. Басталып кеткен кезде, асқынып кеткен кезде білеміз ғой. Сол себепті қорқыныш болмады.

Бағдагүл Нұрқасымқызы, анасы

- Ол жерде ана адам тірі қалса екен, аман болса екен деп тіледік. Бірақ жерге түсіп адамдар келіп, құттықтап жатқан кезде, әрине, мақтаныш кернеп, бір төбем көкке жеткендей болады екен.

Жаннұр Сырымовтың мамандығы – уролог-трансплантолог. Ғылыми институттардың бірінде еңбек еткен ол – қазір Көксу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері. Мекеме былтыр өңірдегі «Үздік тәжірибелік орталық» атанды.

Мира Тоқтамысқызы, Көксу аудандық орталық ауруханасының бөлім басшысы:

- Министерстводан келіп тексеріп, барлық жағынан тәсілдерімізді, материалдық техникалық базасын тексергеннен кейін сондай атақ беріп отыр. Сырымов Жаннұр Мәуленовичтың қосқан үлесі көп. Ол кісі социальный службаны, балаларды үйде қарайтын тәсілді өзгертті.

Төрт тілді еркін меңгерген азаматтың жары да дәрігер. Ата-анасымен бірге олар бес бала тәрбиелеп отыр. Жанұя былтыр Жетісу облысындағы «Ең үздік жас отбасы» атанды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын