Түркияның «Өндже Ватан» (Önce Vatan) газеті «EXPO 2017: Қазақстанның жеңісі» атты көлемді мақала жариялады. Бұл туралы Түркиядағы меншікті тілшіміз Ержан Жүніс хабарлады. Аталған мақалада еліміздің Астанада Халықаралық мамандандырылған EXPO 2017 көрмесін өткізу құқына қол жеткізгендігі, тақырыптың өзектілігі туралы ойлар айтылған. «EXPO 2017 сияқты ауқымды көрме Орта Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Себебі бұған дейін мұндай шара Орта Азияда да, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде де ұйымдастырылып көрмеген. EXPO көрмесінің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп таңдалған. Осылайша Қазақстан дүние жүзінің күн тәртібінен орын алған басты мәселенің бірін таңдай отырып, қарсылас елдерді артқа тастап, халықаралық жетістікке бір табан жақындады әрі EXPO 2017 көрмесінің Астанада өтуін қамтамасыз етті. Көрмеде әлемнің алып компаниялары болашақ энергиясы, баламалы энергия көзі, «жасыл энергия» тақырыбында бәсекелеседі. EXPO 2017 көрмесі әсіресе таңдалған тақырыбымен дүние жүзіне жар салатын жаңалық болмақ. EXPO 2017 көрмесі бауырлас ел Қазақстан үшін қайырлы болсын деп тілейміз», – делінген түркиялық Önce Vatan газеті.