«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Cirque du Soleil қойылымы басталды. Аты әлемге мәшһүр өнер ұжымы көрме қонақтарын ерекше шоу қойылыммен таңғалдырмақ. Аты әлемге мәшһүр цирк өнерпаздарына еліміздің мәдениеті мен тарихы шабыт сыйлаған. Нәтижесінде ЭКСПО қонақтарына арнап эксклюзивті REFLEKT шоу-бағдарламасын дайындады. Таңғажайып қойылымда қазақ халқының мәдени мұрасы мен болашаққа деген заманауи көзқарасы өзара үйлесім тапқан. Бернард Пойрие, цирктің бас директоры: – Осыдан екі жыл бұрын ЭКСПО көрмесіне қатысамыз деп жоспарлаған едік. Арада бір жыл өткесін келісімге қол қойдық. Ал осы шоуды сахналауға 9 ай бойы дайындалдық. 38 әртіс өнер көрсетеді. қазақтың ою-өрнектерімен арнайы костюмдер тігілді. Бүгінде штаб-пәтері Монреаль қаласында орналасқан Cirque du Soleil ойын-сауық индустриясындағы алып компаниялардың біріне айналған. Цирк ұжымында әлемнің 50 елінен жиналған 4000-ға жуық адам еңбек етеді. Оның 1300-і – әртіс. Әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркі осы уақытқа дейін 400-ден астам шаһарда өнер көрсеткен. Даниель Форте, цирктің атқарушы директоры: – Біздің цирк тарихында мотоциклді арқан үстіне шығарып көрмедік. Осы жолы нар тәуекел етіп отырмыз. Мотоциклдер арнайы жасалған. Тоқпен жүреді. Бір сөзбен айтқанда, біз ЭКСПО көрмесіне жоғары дайындықпен келдік. Көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдімін. Цирк ұжымы бас қалада қыркүйектің 10-ына дейін өнер көрсетеді. Қала тұрғындары мен қонақтары бірегей шоуды арнайы жабдықталған үшбұрыш тәріздес павильонда тамашалай алады. Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Бахтияр Ырза