loader


Ақмолалық зауыт күн сайын полиэтилен қалташаларының 500 орамасын шығарады

Елімізде отандық өндіріс қарқын алып келеді.

Мәселен, күнделікті тұрмыста қолданып жүрген полиэтилен дорбалары Қазақстанға тек сырттан әкелінеді деп ойласақ, қателесуіміз мүмкін. Себебі ондай өнімдер өз елімізде де көптеп шығарылады. Солардың бірі – Ақмола облысының Шортанды ауылындағы «Полимер-Пласт» зауыты.

Бұл зауыт елімізде отандық өнімдердің жақсы қарқын алып келе жатқандығының айқын көрінісі. Мәселен, сіз бен біз күнделікті қолданып жүрген полиэтилен қалташаларының мұнда күн сайын 500 орамасы шығарылады екен. Одан бөлек киім-кешек, азық-түлік және басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті заттар салатын түрлі дорбалар да осы жерде өндіріледі.

Осыдан 3 жыл бұрын іске қосылған зауыт алғашында айына 40-50 тонна ғана өнім өндірсе, бүгінде 80-90 тонна полиэтилен өнімдерін шығарып отыр. Айта кетейік, аталған өндіріс ошағы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 78 млн теңге несиемен ашылыпты. Қазір мұнда 30 шақты жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Николай Прокопенко, оператор:

- Ауылды жерде осындай зауыттың бары қуантады. Шортандыдан шыққан қалталар мен дорбалар қазір бүкіл Қазақстанға тарап жатыр әрі бұл зауыттың ашылуы біз секілді ауылдықтарға да өте жақсы болды. Жалақымызды уақытында аламыз. Жұмыс тұрақты.

Бұл зауыттың бір ерекшелігі мұнда қалдықсыз өндіріс технологиясы қолданылады. Мәселен, кейбір нашар өндірілген дорбаларды ерітіп, одан фтор шикізатын алады. Сөйтіп, оны қайтадан өндіріске жібереді. «Бұл әдіс те тауардың өзіндік құнын төмендетуге сеп болады. Осылайша сапалы әрі арзан өнімдерімізбен импорттық бәсекелестерді ел нарығынан біртіндеп ығыстырып келеміз», - дейді мұндағылар.

Сергей Гринько, цех басшысының орынбасары:

- Өнімдерімізді Астана, Қарағанды және басқа да өңірлерге жібереміз. Біздің басты бәсекелесіміз – Қытай. Оларды басып озу үшін барымызды салып жатырмыз. Алдағы уақытта зауытты тағы кеңейтіп, бірнеше адамды жұмысқа аламыз.

Аймақтың индустрияландыру картасына енген зауыт өткен жылы 411 млн теңгенің 790 тонна өнімін өндіріпті. Биыл мұндағылар бұл көрсеткішті 840 тоннаға дейін жеткіземіз деп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Сондай-ақ...