loader


Жуалы ірімшік зауытының өнімдері Ресейде жоғары сұранысқа ие

Ұлт жоспарының 60-қадамында сүт өндірісінде шетелдік озық тәжірибені пайдалану арқылы жұмыс жүргізу керектігі айтылған.

Ондағы мақсат әлемдік нарыққа төтеп бере алатын сүт өнімдерін өндіріп, экспорт үлесін арттыру. Қазір осы салада жамбылдық сүт өндіруші шаруалар мен кәсіпкерлер қызу жұмыс істеп жатыр. Шағын цехтар мен зауыттар заманауи қондырғылар орнатуға көшкен. Жамбыл облысындағы Жуалы ірімшік зауытында мемлекет қолдауының арқасында кәсіпорын қуаттылығын арттыратын және сапалы өнім шығаруға негіз болатын заманауи әрі озық қондырғылар сатып алынған. Қазір зауыт үш түрлі өнім шығарады. Былтыр 4 мың тоннаға жуық сүт өңдеген. Сөйтіп нарықта 260 тоннадан астам ірімшік, 44 тонна сары май және 800 тоннаға жуық сүт саудалаған.

Әбдібек Үйкепбайұлы, зауыттың атқарушы директоры:

- Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, бұл соңғы технология деп айтсақ болады. Бұл 80 пайыз технологияны өзгерттік. Соның арқасында сапасы түзелді. Екіншіденадам істейтін жұмыс та азайды. Себебі бәрі жартылай автоматтандырылған.

Жуалы ірімшік зауытының өнімдері қазір Ресейде жоғары сұранысқа ие. Көрші елдің тұрғындары қазақстандық өнімді арнайы тапсырыс беріп сатып алатын көрінеді. Өйткені өнім сапалы әрі еш қоспасыз дайындалады. Яғни экологиялық таза. Бағасы да тиімді. Өткен жылы Ресейге зауыттан шыққан тауардың 70 пайызы жөнелтілген.

Ал Байзақ ауданының тұрғыны Владимир Лесняк «Даму» қоры арқылы несие алып, сүт өңдейтін цех ашқан. Қазір мұнда 19 түрлі сүт өнімі шығады. Кәсіпкер кәсіпорындағы қондырғыларды жаңа, әрі замануи үлгісіне ауыстырып жатыр. Келешекте цех қуаттылығын арттырып, көрші елдердің нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Владимир Лесняк, цех директоры:

- Ұлт жоспарында тапсырма нақты көрсетілген. Бұл қадамдардың әрқайсысының орындалуына атсалысуымыз керек. Осы мақсатта қазір шетелдік тәжірибені қолдануға ауысып жатырмыз. Қондырғылардың жартысын әкеліп қойдық. Қалғанын тапсырыс бойынша алып келе жатыр. Биыл іске қосамыз. Соның арқасында өнімді сақтау мерзімі ұлғайтылады. Бұл тауарымызды тасымалдауға мүмкіндік береді.

Келешекте облыста сүт өндіру кластері құрылады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар Меркі ауданында жүргізіліп жатыр. Өңірде ірілі-ұсақты шаруақожалықтар бірігіп, кооперация жасақталған.

Қайрат Аманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Ұлт жоспарына сәйкес Қордай ауданында «Қақпатас Қордай» ЖШС-і 600 басқа арналған роботталған сүт сауу қондырғыларын іске қосып жұмыс жасауда. Сонымен қатар Меркі ауданында Меркі өнімдері өндірістік кооперативі құрылып, сол ауданның 42 шаруашылығы бүгінгі күні мүшелікке енді. Әділет басқармасына тіркеуден өтіп, жұмысын бастады.

Айта кету керек, өткен жылы өңірде 300 тоннаға жуық сүт өндіріліп, оның 233 тоннасы қайта тереңдетіп өңделген. Бұл өнімдердің жалпы құны 44 миллиард теңгені құрап отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ...