loader


«Сарыағаш» минералды суы шетел нарығына шығарылмақ

Оңтүстіктің бренді саналатын «Сарыағаш» минералды ауызсуы шетел нарығына шығарылатын болды.

Өңірдегі жерасты суын өндіретін кәсіпорын мемлекеттен төмен пайызбен қомақты несие алған. Енді зауытты заманауи қондырғылармен жабдықтамақ.

Зауыттың негізі осыдан тура 18 жыл бұрын қаланған екен. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан қондырғылар біршама ескірген. Оны жаңғыртуға қаржы қолбайлау болыпты. Кәсіпкердің өндіріс қуаттылығын арттырсам деген ойына мемлекеттік бағдарлама қолдау болған.

Кәсіпорын қазірдің өзінде сағатына табиғи минералды су құйылған 3,5 мың дана дайын өнім шығарып жатыр. Зауыттың қуаттылығы болашақта екі есеге дейін артады. Қазірдің өзінде ішкі нарықтың 75 пайызын қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын болашақта отандық өнімді шетел нарығына шығаруды жоспарлап отыр.

Мың метр тереңдіктен шығып жатқан жерасты суы бірнеше қайтара сүзгіден өткізіліп барып, ыдыстарға құйылады. Судың құрамы жіті бақыланады. Оны қадағалап отыратын жеке зертханалары да бар.

Любовь Одногол, зауыт зертханасының меңгерушісі:

- Судың құрамындағы химия-физикалық процессті қадағалап отырамыз. Микробиологиялық өзгерістері де бақыланады. Минералды су құрамындағы микрокомпоненттер мен мкроорганизмдерге қарап, ерекшеленеді. Бұл табиғи минералды ас суы болғандықтан, оны күнделікті іше беруге болады.

Зауыттағы жұмыстардың бірқатары бұған дейін қолмен атқарылатын. Ал енді орнатылатын жаңа жүйе толықтай компьютермен басқарылады. Кәсіпорын басшылары соның арқасында болашақта отандық тауарды Кедендік одақ аумағы мен Еуропа елдерінің нарығына шығаруды көздеп отыр.

Құрбанкүл Чинакулова, зауыт басшысының орынбасары:

- Жаңғырту жұмыстары зауыттың қуаттылығын арттырып қана қоймай, өнімге деген сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Судың құрамын анықтау үшін біз Еуропаға тексеруге жібереміз. Арнайы мамандар сараптамадан өткізіп, зертханалық жұмыстардың қорытындысын жібереді. Соның негізінде сертификат аламыз.

Кәсіпкер мемлекеттен 75 млн теңге көлемінде төмен пайызбен несие алған. Оның өзінде 14 пайыз үстеменің тең жартысын ғана төлейді. Бұл бірінші кезекте отандық тауар өндірушілерге үлкен көмек және сырттан тасымалданатын тұтыну тауарларының санын азайтуға мүмкіндік береді.

Жандос Әзімбаев, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлер палатасының менеджері:

- Кәсіпкерлер палатасында Сарыағаш ауданы бойынша былтыр 80 кәсіпкер «Бизнес кеңесші» бағдарламасымен оқытылды. Сондай-ақ 105 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілді.

Зауыттағы ескірген қондырғылар енді бірер аптада жаңасына ауыстырылады. Сонда кәсіпорынның қуаттылығы артып, ішкі нарықтан артылған отандық өнімді шетке жөнелтуге болады.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...