loader


Қостанай облысы ет экспортын еселеуді жоспарлап отыр

Қостанай облысы биыл ет экспортының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге көбейтпек.

Бұл – Ұлт жоспарының 61-қадамында көрсетілген нақты бағыттың нәтижесі. Қазір өңірде төрт түліктің сапасын арттыруға баса мән беріліп отыр.

Әулиекөл ауданындағы «Диев» шаруашылығы еліміздегі сиыр сапасының артуына серпін берген ферма деп айтуға толық негіз бар. Серіктестік 2003 жылдан бері 4500-дей тана-торпақ сатқан. Бұл Қазақстан бойынша 40-тан астам жаңа ферманың ашылуына себеп болды. Қазір мұнда 3500 іріқара бағылады.

Хабидолла Әбжанов, шаруашылықтың бас зоотехнигі:

- Қазір негізі екі тұқым бар. 2011 жылы Шаролені Канададан әкелдік. Өзіміздің Әулиекөл тұқымы бар. Біз негізінен шілде айында қашарларды 360-370 келі қыламыз да, соны сатамыз.

Қостанай облысында егер 2007 жылы небәрі 200-дей өндірістік субъекті болса, қазір олардың саны 960-қа жеткен. Жаңадан ферма ашқандардың бірі – Талғат Әмірхамзин. Ол 2012 жылы Жангелдин ауданында «Сыбаға» бағдарламасымен 150 бас іріқара сатып алды. Табын сапасын көтеру үшін кәсіпкер осымен үшінші мәрте асылтұқымды бұқа алып тұр. Салмағына қарай бұқалардың бағасы да қомақты. Әйтсе де мемлекет жәрдемі қалтаға күш түсірмейді.

Талғат Әмірхамзин, фермер:

- Бұқаларға демеуқаржы 154 мың көлемінде беріледі. Аналық басқа 18 мыңнан беріп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан зор көмек деп білем. Өз басым 1-2 жыл шамасында етті де экспортқа шығаруым ғажап емес.

Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау. Бұл – Ұлт жоспарында белгіленген бағыт. «Ет экспортын еселеудің кілті мал сапасын арттыруда», - дейді мамандар. Өңірде бұл мәселе күн тәртібінде.

Әлімжан Жүсіпов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- 2020 жылы асылтұқымды мал басын 45%-ға жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Бүгін ол 18 пайыз шамасында.

Қостанай облысы өткен жылы 700 тонна экспорттауды жоспарлаған еді. Биылғы көлем бұдан бес есе артық, 3500 тонна. Межені орындау үшін өңірде 24 мың бас ірі қара бордақыға қойылмақ. Ал аймақтағы бордақылау алаңдарының саны 40-тан асады.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...