loader


Оралдық жылыжай өнімдеріне сұраныс жоғары

Ақ Жайық өңірінде жылыжай шаруашылығы жанданып келеді.

Дегенмен ерте пісетін көкөніс өсіруді қолға алған кәсіпорындар әлі де аздық етіп отыр. Көкейтесті мәселенің оң шешімін табуы тек мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана мүмкін болмақ. Биылдан бастап демеуқаржы тек өнеркәсіптік мақсаттағы, яғни көлемі 5 гектардан асатын ірі жылыжай кешендеріне ғана төленеді. Ал көлемі шағын болғанымен, тұтынушы сұранысын өтеуге қабілетті жылыжайларға қалай көмектесуге болады?

Игорь Гапич – өңірдегі жылыжай шаруашылығын алғаш қолға алған кәсіпкерлердің бірі. Қияр өсірудің қыр-сырын ол көршілес ресейлік әріптестерінен үйренген. Түрлі көрмелерге қатысып, мол тәжірибе жинапты. Көкөністің көптеген түрін өсіріп көрді. Ақыры «кадет» аталатын сұрыпқа тоқтады. Өйткені өнімділігі жақсы дейді кәсіпкер. Қазір мұнда күніне 150 келідей өнім жиналады.

Игорь Гапич, кәсіпкер:

- Бұрын сауда-делдалдық қызметпен айналыстық. Автокөлік, арнайы техника саласында дегендей. Ал мұнда нағыз өндіріс, не істеп, не қойғаның бәрі де көз алдыңда. Сәйкесінше, нәтижесі де ойдағыдай шығады. Мейлі өндірген өніміміз қияр-ақ болсын, бәрібір өзіміз бұл істен ләззат аламыз.

Ерте пісетін көкөніс өндірушілер үшін биыл бюджеттен демеуқаржы қарастырылмаған. Өйткені өңірдегі жылыжайлардың барлығы дерлік шаруашылық мақсаттағы санатқа жатады. Айта кету керек, былтыр өңірдегі 17 жылыжай шаруашылығына мемлекет қазынасынан 8 миллион теңгеден астам қаржы төленген болатын.

Темірлан Темірәлиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл 2016 жылдан бастап министрліктен жылыжайларға шаршы метріне төленетін субсидия тоқтатылды. Ол тоқтатылғанымен, бұған қаралған қаржы шаруашылықтардың өздерінің жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтейтін инвестициялық салымдар бойынша субсидия ретінде берілді.

Демек жылыжай иелерінің шаруашылығын жоғары деңгейге жеткізуіне мемлекет те мүдделі. Яғни биыл демеуқаржының орнына шаруаларға шыққан шығынның бір бөлігін өтеу мақсатында қаржылай көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда дәрумендік өнім түрлерінің дені Ресейден және еліміздің оңтүстік облыстарынан әкелінеді. Ал өңірдегі жылыжай аумақтарының көлемін ұлғайту үшін нақты шаралар алынуы қажет. Бұл ретте осы салада тер төгіп жүрген шаруалардың да айтары бар.

Игорь Гапич, кәсіпкер:

- Біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиесілі қаржылай қолдаудың барынша қолайлы болғанын қалаймыз. Мысалы, несиені өтеу кестесі өнім алатын кезеңмен сәйкес келгені абзал. Өйткені біз өнім алған кезде оны төлейтін мүмкіндік болады ғой.

Кәсіпкер болашақта қызанақ пен өзге де жеміс-жидек түрлерін өсіріп, консервіленген қияр өндірісін жолға қоймақ ниетте. Облыс аумағында жалпы алаңы 2 гектар болатын 62 жылыжай кешені бар. Былтыр осы жылыжайлардан 315 тонна өнім алынды. Жергілікті өнімге әркез сұраныс жоғары. Сондықтан салаға инвестиция тарту заман талабы дейді шаруалар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...