loader


Павлодардың кірпіш зауыты үздіксіз өндіріске бет бұрмақ

Ұлт жоспарында көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіру келісімшартын жеңілдету әдістері павлодарлық кірпіш зауытына үздіксіз өндіріске бет бұруға мүмкіндік берді.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқасында кәсіпорын иелері аз уақытта өндірісті өрге жүзгізе білді. Қазіргі таңда зауыт жылына 20 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Жер қойнауын пайдаланушыларға жасалған жеңілдік «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына қатысты бірнеше басым бағыттардың жүзеге асырылуына септігін тигізіп отыр.

Павлодар силикат зауыты кезінде өңірдің құрылыс индустриясында көшбасшы құрылым болды. Облыс орталығы мен елді мекендерінің жартысы осы кірпіштен қаланған болатын.

Галина Халимонова, кірпіш зауытының бас технологы:

- Қала, аудан, Ақсу барлығының құрылысы жүріп жатты. Барлығында біздің өнім пайдаланылды. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үй бағыты бойынша өз үлесімізді қосып, құрылыс материалымен қамтығымыз келеді.

Қазірде кәсіпорын өнімі Павлодардың ауқымды құрылыс алаңдарына жеткізілуде. Құрылысшылар кірпіштің сапасына сенімді. Өнімнің радиоактивтілігі жоқ және берік материалдар қатарында болып саналады. Лаборант Алмас Шалобанов шыққан кірпіштің сапасын үнемі қадағалап отырады.

Алмас Шалобанов, техникалық бақылау бөлімінің лаборанты:

- Кірпіштер 125-150 маркасына сай келуі тиіс. Сонда ғана ол көпқабатты үйлердің құрылысына жарамды.

Қазіргі таңда кәсіпорын толық қуатына көшкен жоқ. Бірақ кез келген сәтте өнімділікті арттырып, ауысымына 100 мың кірпіш шығаруға толық мүмкіндігі бар. 

Ерғалы Ыдырысов, өндіріс бастығының міндетін атқарушы:

- Қазіргі кезеңде тәулігіне 3 кезекпен силикат кірпішін шығарамыз. Бұл шамамен – 30 мың дана. Негізі өндірістік қуатымыз айына 1,5 млн дана болып отыр.

Өнімнің өзіндік құны төмендеп отыр. Өйткені, зауыт құрамында кварц құмы бар, жеке карьерге қол жеткізді. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланудың құжаттық рәсімдері Мемлекет басшысының тапсырмасымен жеңілдеп отыр.

Бүгінгі таңда кәсіпорын тұрғын үй кешендері құрылысының қарқын алуын тағатсыздана күтіп отыр. Тапсырыс артып, өндіріс көлемі көбейсе, жалақы өсіп, қондырғылар жаңартып, жаңа жұмыс орындар ашуға септігін тигізетіні анық. Зауыттағылар ең бастысы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысатындықтарына қуанышты.

Авторлары: Қ.Бекенов, Е.Абишев, А Якубов

Сондай-ақ...