loader


Атырау облысында ас тұзын өндіретін жаңа зауыт іргесін көтерді

Индер көлі жағасында жаңа зауыттың іргесі қаланды.

Атырау облысындағы тұзды көлдің аумағы 110 шаршы шақырымды алып жатыр. Енді мұнда сапалы техникалық ас тұзы өндіріледі. Қойнауы кенге толы Индер ауданы жерасты пайдалы қазбаларына да бай. Тау-кен өнеркәсібі дамыған аймақта Менделеев тізбегіне енетін химиялық элементтердің түгелге жуығы бар.

Индер жерінің пайдалы қазбалары әлі жүздеген жылға жетеді. Солардың бірі – 4 млрд тонна тұз қоры бар көл. Әзірге барланған қорының өзі 2 млрд тоннаны құрайтын тұз көлі жыл сайын 7-8 сантиметрге дейін өсіп отырады екен. Демек табиғи байлық сарқылмақ емес. Көл жағалауындағы тұз зауыты жылына 1 мың тонна ас тұзын және 20 мың тонна техникалық тұз өңдейді.

Серік Отыншиев, жас маман:

- Сұраныс бойынша Қырғызстан, Ресей мен өзге көрші елдерге жібереміз. Ресей былтыр жолға төсеуге, тамақтарына, ары қарай өңдеуге алады. Осылайша тапсырыспен жұмыс жасап жатырмыз.

Тұз өңдеу зауытының жанынан тағы бір кәсіпорын іске қосылмақ. Мұнда жаңа технологиялар арқылы химиялық ерітінділер шығарылады.

Өңірдегі серпінді индустриялдық жобалардың бірі натрий гипохлориді зауыты. Жалпы бұл шикізат күнделікті өзіміз тұтынып жүрген ауызсуды залалсыздандыруға таптырмайтын ерітінді. Бұған дейін хлор пайдаланылып келсе, халықаралық талаптарға сәйкес хлор алдағы жылдары қолданыстан мүлде шығарылады. Сонымен қатар бұл кәсіпорында тұрмыстық химияға қажетті бірнеше бұйым да шығарылмақ. Жалпы бұл кәсіпорынның жылдық қуаты 30 мың тонна.

Аталған химиялық элемент кәріздер мен мұнай құбыры кешендері, әскери және медициналық мекемелердің техникалық қондырғыларын тазалауға жиі қолданылады. Яғни жоғары сұранысқа ие тауар болмақ.

Әбиірбек Тоқтыбаев, кәсіпорын директоры:

- Тұзды өндіргеннен кейін орнына су пайда болады. Сол тұзды суды кейінгі жаңа технологиялар бойынша көлден сорғышпен сорып, зауытқа жеткізіп, оны қайнатамыз. Ол қайнағаннан кейін гипохлорит деген өнім шығады. Аталған өнім – суды заласыздандыру, үйлерді дезинфекциялау, ас ыдыстарын жууға, соның бәріне қолдануға болатын жалпы өнім.

Салық төлеп, тұрғындарына кәсіп ұсынған бұл зауыт аудан экономикасының дамуына да қомақты үлес қосып отыр. Қазір кәсіпорында 40 шақты адам еңбек етіп жатыр. Жаңа жоба іске қосылысымен тағы 40 маман тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Сондай-ақ...