loader


Қазақстандық құрылыс материалдары сұранысқа сай келеді

Елімізде құрылысқа қажетті материалдар жеткілікті.

Ал өндірістер ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда құрылыс компанияларының барлығы бірдей отандық өнімге назар сала бермейді. Бұл көрсеткіш 70%-ға жетер-жетпес. Мамандар болса, өзімізге қажетті үйді сыртқа жүгірмей, өз материалдарымызбен-ақ толық салып шығамыз деген сенімде.

Елімізде отынның күлін қайта өңдеп, пайдаға жарататын санаулы кәсіпорын бар. Соның бірі – тәулігіне 150 мың, жылына 60 млн кірпіш жасап шығаратын Астанадағы №1 кірпіш зауыты. Бұл өнімнің 80%-ы жылу электр стансасынан шыққан күлден, 20%-ы қосымша қоспалардан тұрады.

Павел Цыба, №1 кірпіш зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Қажетті қоспалармен араласып, дайын болғанда материал престелетін бөлімге өтеді. Ол жабдық біздің зауыт үшін арнайы Жапонияда жасалған. Нәтижесінде жартылай дайын өнім пайда болады.

Мамандарға сенсек, бұл қарапайым технология экологиялық таза кірпіш жасауға мүмкіндік береді әрі ауаға лас қалдық шығамайды.

Өңделген күл өндірістің екінші кезеңінде кірпіш қалпында шығады. Алайда ол әлі дайын емес, оны қолмен үгітуге болады. Ал нығыз материал шығу үшін ол әлі 120 градустық ыстық будан өтуі тиіс.

Дайын өнімнің әр легі тонналық қысым арқылы арнайы зертханада тексеріледі. Құрылыс алаңына кетпес бұрын кірпіш 2 апта кебуі тиіс.

Павел Цыба, №1 кірпіш зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Керамика мен силикаттан жасалған кірпіштермен салыстырсақ, мына материалдың сапасы кем емес, ал бағасы әлдеқайда арзанға түседі. Барлық техникалық талаптарға сай келеді. Нарықта 7 жыл бойы қолданылып жүр. Астана мен Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарына жөнелтеміз.

Ал бұл – астаналық кірпіштің қаланатын орны. Қабанбай батыр даңғылының осы бөлігінде мемлекеттік бағдарламамен 5 қабатты 114 пәтерлі тұрғын үй бой көтереді. Астанада тұрғаны болмаса, бұл ғимаратты салуға күллі Қазақстан атсалысады деуге болады.

Өйткені болашақ үйдің темірбетондары Көкшетау зауытында, құбырлары Қарағандыда жасалады. Су өткізгіш пен кәріз жүйелерін Степногор жөнелтеді, ал қабырғалары астаналық кірпіштен қаланбақ. Есіктер үшін шикізатты Теміртаудан сатып алып, құрылыс компаниясы өздері құрастырады екен. Тек терезенің бөлшектері Түркиядан келетінін мойындады.

Аманғазы Шелекбаев, «Капитал строй» ЖШС шебері:

- Құрылыста отандық кәсіпорындар материалдары мен детальдары қолданылып жатыр. Бір жағынан ол арзан, тиімді болып отыр. Шетелдің басқа зауыттарынан сапа жағынан да, бағасы жағынан да кем түспейді.

«Қазіргі таңда құрылыс нысанына қажет кез келген материалды ел ішінен табуға болады», - дейді Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының өкілдері. Мәселен, темір арматура өндірісі соңғы 8 жылда 80 мыңнан 800 мыңға жетіпті. Ал отандық цемент ел көлеміндегі қажеттілікті өтеуге жететін көрінеді.

Марат Идришев, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы атқарушы директорының міндетін атқарушы:

- Отандық өнімге деген сенім артуда. Жақында ғана инвестициялық даму министрлігінде өткен кеңесте отандық өнімнің құрылыстағы алатын орны 70 пайыз делінген болатын. Құрылыста отандық өнімді пайдалану қарқыны өсуде. Соңғы 5-10 жылдақазір мөлшері өте үлкен. Басты себебі жаңа технологиялардың келуі, персоналдың дайындығы.

Биыл Елбасы тұрғын үй құрылысын үдету үшін Ұлттық қордан қосымша 360 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын. Ізін ала, ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттің қаржысы отандық кәсіпорындардың несібесін арттырса, игі деген бастама көтерді. Құрылыс иелері болса, сапа сәйкес келсе, тартынып қалмақ емес.

Авторлары: Кәусар Аяпбергенқызы, Наурыз Базаров

Сондай-ақ...