389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы құбыр зауытында елімізде теңдесі жоқ өнім түрін шығару қолға алынған

  • 869

Ақмола облысының Степногорск қаласындағы «Арыстан» құбыр зауыты нарықтағы түрлі ауытқуларға қарамастан, өз жұмысшыларын қысқартпай, тұрақты жұмыс істеп келеді.

Кәсіпорындағылар соңғы жылдары елімізде теңдесі жоқ жаңа өнім түрін шығаруды қолға ала бастапты. «Корсис АРМ» деп аталатын тың өнім қазір экспортқа да жөнелтілуде.

Жаңадан қолға алынған желіде қазір беріктігі өте жоғары, диаметрі 1 метрден асатын үлкен құбырлар шығарылуда. Мамандардың айтуынша, аталған өнім өте төзімді келеді. Әрі шірімейді. Одан қалды аса ауыр салмаққа да былқ етпейді. Бұл құбырдың Қазақстанда теңдесі жоқ болса, Ресейде оны небәрі екі-ақ зауыт өндіреді екен.   

Сергей Дахтлер, цех басшысы:

- «Корсис АРМ» құбырының сырты металл жабындысымен қапталады. Бұл өнімнің өте сапалы болуына сеп болады. Қазір бұл құбырдан күніне 5 тонна өндірудеміз. «Корсис АРМ» елімізбен қатар көрші мемлекеттерде де үлкен сұранысқа ие.

Зауытта жалпы су, газ және кәріз жүйесіне қажетті түрлі құбырлар шығарылады. Өнімдері кемінде 50 жылға жарамды. Ал, кәсіпорын жылына 25 мың тонна дайын өнім өндіруге қауқарлы.

Мұнда шығарылған құбырдың сапасы жан-жақты тексеріледі. Мәселен, мына аппаратта қазір құбыр тексеріліп жатыр. Оның үстінен қазір 1,5 тонна салмақ түсіп тұр. Мамандардың айтуынша, бұл сапа талабынан толық өтті. Яғни, бұдан кейін бұл құбырды еш қамсыз тұтынушыларға жібере беруге болады.

Лидия Шевченко, бас директордың сапа жөніндегі орынбасары:

- Егер біз өнімнен қандай да бір ақауды анықтасақ, оны дереу жарамсыз деп танып, қайтадан қайта өндіруге жібереміз. Сапа талабы бізде қатаң бақылауда. Себебі, біздің өнімдер көрші елдерге экспортталады. Сондықтан, қазақстандық өнімнің атына кір келтірмеуіміз қажет.

Ол үшін зауытта керекті қондырғылардың барлығы бар. Зертхана қызметкерлері өнімнің сапасы үшін жауап береді. Ал, 2011 жылы индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске қосылған кәсіпорын қазір 300-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Арасында жастар басым.

Алексей Тумаев, зауыт директорының міндетін атқарушы:

- Біздегі жұмысшылардың тәжірибесі өте үлкен. Жастарға тәлім-тәрбие беріп, осында арнайы оқытады. Бізде осы уақытқа дейін ешқандай қысқарту болған жоқ. Алдағы уақытта да болмайды. Бұл – үлкен мақтаныш. 

Кәсіпорынның ендігі мақсаты – нарықтағы түрлі жағдайларға қарамастан, өнім түрлерін одан әрі көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу.  

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы