389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Спортшыларымыздың Олимпиадада киіп шығатын салтанатты киімдерін отандық мамандар тікті

  • 808

Төрткүл дүние тағатсыздана күтіп отырған Жазғы Олимпиаданың басталуына санаулы күн қалды.

Ел үмітін арқалаған спортшыларымыз дүбірлі доданың ашылу салтанатына отандық мамандардың қолынан шыққан костюмді киіп шығады.

«Спортшылардың парадтық формасын тігу – жауапкершілігі жоғары міндет әрі мақтаныш», - дейді «Қазлегпром-Алматы» фабрикасының мамандары. Айта кетейік, бұл өндіріс орнының тігіп шығарған костюмін Мемлекет басшысының өзі жоғары бағалаған болатын. Әлем көз тігетін додада елдің бет-бейнесін айшықтай көрсететін арнайы киімнің жобасы бір жыл бұрын сызылған. Нәтижесінде ұлттық нақыш пен сәннің соңғы үлгілері үйлестірілген бірегей форма дүниеге келді.

Айбек Бектұрғанов, «Қазлегпром-Алматы»ЖШС директоры:

- Бізге бұл жоба имидждік жоба болды. Біздің мекеме ұлттық құраманы шетелге апарып, біздің киімді кигендері бізге үлкен абырой болды. Бұл – біз үшін мақтаныш.

Салтанатты формалар әр спортшы мен жаттықтырушының өлшеміне сай арнайы тігілген. Итальяндық жоғары сапалы матадан тігілген парадтық киім топтамасына 15 зат кіреді. Спортшылар үшін жолсөмке мен қолшатыр да қарастырылған. Айта кетейік, топтамадағы аяқ киім де осы фабрика мамандарының қолынан шыққан. Бірегей форманы ұнатқан спортшыларымыз естелік үшін қолтаңбаларын қалдырыпты.

Нұрбибі Байтасова, дизайнер:

- Спортшылар естелік ретінде өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Әлия Юсупова, Серік Сәпиев, Ольга Шишигинаның қолдары және Мельниченконың, біздің туымызды Олипиадада ұстап шығатын Руслан Жапаров та қолтаңбасын қалдырды.

Тағы бір жаңалық. Биыл Олимпидада бағы жанып, биіктен көрінген спортшыға мемлекет тарапынан ақшалай сыйақымен қоса пәтер беріледі.

Ерік Жарасбаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары:

- Енді заң бойынша бірінші-екінші орындарды алған спортшыларға пәтерлер беріледі. Бірінші орынға үш бөлмелі, екінші орынға екі бөлмелі, үшінші орынға бір бөлмелі пәтерлер беріледі.

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, биыл Олимпиадаға баратын жанкүйерлердің саны әдеттегіден аз. Спортшыларды қолдау үшін 50-ден аса адам билет сатып алған. Ал қалған қазақстандықтар телеэфир арқылы ойыншыларымызға жігер беретін болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы