426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаудағы ұлутастан құс жемін жасайтын кәсіпорын айына 2000 тонна өнім шығарады

  • 1525

Маңғыстауда ұлутастан құс жемін жасайтын кәсіпорын бар.

Өңірде осы іспен шұғылданатын мұндай өндіріс орны әзірге біреу ғана. 10 жылдан бері тек құрылыс тасын шығаратын шағын цех биылдан бастап жаңа бағытта жұмыс істей бастады. Мемлекет қолдауымен шетелден қондырғы сатып алып, қазір теңіз қабыршағын майдалап жатыр. Зерттеу жүргізген петерборлық ғалымдар бақалшақ құрамында 42 пайыз кальций барын анықтады.

Майдаланған ұлутастан алынатын тауық жемі осындай болып келеді. Құрамы кальций, йод және басқа да минералды тұздарға бай майда сұрғылт түйіршіктер үй құстарының жеңсік асына айналған.

Құс жемі арнайы қондырғы көмегімен жасалады. Ұлутасты ұнтақтайтын машинада үш конвейер бар. Ірі түйіршіктелгені – тауықтың, орта майдаланғаны шөжелердің асы. Жылжымалы сатының соңғысы ұн тәріздес құрылыс материалын әзірлейді. Табиғи қызғылт түсті тауар цементтің орнын баса алады. Бағасы да арзан. Дегенмен, кәсіпорын ең алдымен жем көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты толық қамтуды көздеп отыр.

Төлеген Сейітов, өндіріс орнының басшысы:

- Маңғыстауды толықтай қамти аламыз. Көрші облыстарымыз бар. Қазіргі таңда Алматы, Астана, жан-жақтағы тауық фермалардан хабарласып жатыр. Ресей мемлекетінен де хабарласуда. Келісімшарттар жасалып жатыр.

Айына екі мың тонна жем шығаратын цехта отызға жуық жұмысшы бар. Барлығы жергілікті жастар. Әрқайсысы 60-100 мың теңге аралығында айлық алады. Соңғы үлгідегі қондырғыны еркін меңгерген ауыл жігіттері тапсырыстарды артығымен орындауда.

Бауыржан Базарбаев, жұмысшы:

- Жұмысымыз жақсы, айлығымызды уақытында алып тұрамыз. Қытайдан жаңа қондырғы келгелі жұмысымыз жеңілдей түсті.

Қондырғы «Даму» қоры арқылы 12,5 пайызбен несиеге алынған. Берешектің он пайызын мемлекет, қалғанын кәсіпкер өтейді. Кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін ұлғайтып, цехты жабық кешенге айналдыруды жоспарлап отыр. Оған қоса тротуарларға төселер жабынды тақта шығаруды қолға алмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсәлиев

Хабар 24 телеарнасы