417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулық кәсіпкердің қолынан шыққан киім үлгілері сұранысқа ие

  • 1244

Атырау облысындағы шағын және орта бизнес өкілдерінің саны мен өндіретін өнімінің сапасы және бәсекеге қабілеттілігі барынша артып келеді. Жеке кәсіпкерлер соңғы жылдары бизнестің алуан түрін жетік меңгеріп үлгерді. Олардың қатарында жеке ісін алғаш рет қолға алған жандардың қарасы көп. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 6-6,5 пайыздық жеңілдікпен несие алып, өз кәсібін өрге бастырғандар да аз емес. Олар қазір нарық сұранысына сай тауар өндіріп, импортты шектеп, отандық өндірісті дамытуға үлес қосып жүр. Соңғы 5 жылда мұнайлы өлкедегі шағын және орта бизнес саласында 431 жаңа жоба қолға алынған.

Ернар Маратов электронды үкімет порталын пайдалану арқылы несие алуға кепілдік алған облыстағы тұңғыш қана емес, бүкіл республикамыз бойынша екінші іскер адам ретінде тіркелген кәсіпкер. Мемлекет демеуінің арқасында ол 60 млн теңге несие алды. Заманауи ақпараттық технологияларды жетік меңгерген кәсіпкердің тұтынушылары да қазір электронды түрде тапсырыс береді.

Жайна Әбуова, наубайхананың бас технологы:

- Біздің наубайханада 10 адам жұмыс істейміз. 30-35 түрлі нан өнімдерін шығарамыз. Өнімдеріміздің сапасы жоғары болғандықтан, халықтың сұранысы өте көп.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында жеке ісін ұлғайтқан Ирина Нейбарт та жеке бизнес саласына былтыр ғана келген. Негізгі мамандығы педагог. Анасының тәрбиесімен бойына сіңген өнер оның жеке кәсіп ашуына негіз болған. Шеберлер отбасы кез келген сұранысқа сай киім үлгілерін тігіп беруге машықтанған. Каспий жағалауы елдері сән әлемі байқауында жеңімпаз атанған жас модельер Ирина Нейбарт қазір күнделікті өмірге қажетті барлық киімдер тігуді көздеп отыр.

Ирина Нейбарт, кәсіпкер:

- Тек сәнді киім ғана емес, қазір екінші цехты іске қосуға әзірлік жасап жатырмыз. Мұнда күнделікті өмірге қажет төсек-орын жабдықтары, әйелдер мен балаларға арналған киімдер тігуді жоспарлап отырмыз. Оған қажетті киім тігу машиналары мен арнайы қондырғыларға тапсырыс беріп қойдық. Жаңа жобамыздың тек мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асып жатқандығын баса айтым келеді.

Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың аймақтардағы кәсіпкерлерге тигізген көмегі ұшан-теңіз. Бір ғана «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына мұнайлы өлке үшін 40 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Осының арқасында серпін алған 431 жеке кәсіпкер 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашып, осы жылдың бірінші тоқсанында ғана 182 млрд теңгенің өнімін өндіріп, мемлекетке 10 млрд теңгеге жуық салық төледі.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы