429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тараздық аяқкиім фабрикасы тауар көлемін көбейтуді көздейді

  • 1768

Таразда таза былғарыдан аяқкиім тігетін серіктестік те келер жылы тауар көлемін екі есе көбейтуді көздеп отыр.

Бұған мемлекеттік тапсырыстың арта түсуі сеп. Жамбылдық серіктестік жылдың барлық мезгіліне арналған аяқкиімдер шығарумен айналысып келеді. Отандық тауардың бағасы қолжетімді әрі сапалы өнім нарықта өз тұтынушысын тауып отыр. Таза былғарыдан тігілетін аяқкиімдер сәні мен сапасы жағынан Қытай мен Түркиядан келетін озық үлгілерден кем түспейді.

Бұл кәсіпорын 2002 жылы «Жамбыл былғары комбинаты» өндірістік кешенінің базасында құрылған. Барлық өнім таза былғарыдан жасалады, жұмысқа қажетті шикізатты мұндағы мамандар өздері өңдейді. Биылғы 9 айда мұнда 120 мың дана аяқкиім тігіліпті.

Наталья Бажина, цех басшысы:

- Біздің цехта 150 адам жұмыс істейді. Ал жалпы зауытта 340 адам бар. Қазір жұмыс тұрақты, түрлі аяқкиім тігіп жатырмыз. Таза былғарыдан жасалған соң, сұраныс бар.

Серіктестік өнім сапасын арттыру мақсатында жеңілдетілген несие алып, заманауи германдық құрал-жабдықтарды сатып алған. Олардың көмегімен аяқкиім табандарының кез келген үлгісін құйып шығаруға мүмкіндік бар. Соның арқасында әулиеаталық кәсіпорынның өнімі шетелдік тауарлармен бәсекелесе алатын деңгейге жетіп отыр.

Мұхтар Шаюнусов, серіктестік бас директорының орынбасары:

- Жылына 300 мың жұп аяқкиім шығаруға қауқарлымыз. Қазір көбіне мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейміз. Алдағы уақытта әйелдер мен балаларға арналған аяқкиімді шығару ойымызда бар. Негізі биылдан бастап жұмысымыз біртіндеп жақсарып келеді.

Өз өнімін тұтынушыларға танымал ету – серіктестіктің қазіргі басты мақсаты. Бұл бағыттағы жұмыс бірте-бірте өз жемісін беріп келеді. Қазір Таразда кәсіпорынға тиесілі бірнеше дүкен жұмыс істеп тұр. Ендігі қадам – өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне шығару.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы