387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанадағы тігін ательесінен шыққан отандық киімдер қолжетімді бағамен сатылады

  • 1427

Соңғы жылдары елімізде жеке бизнес түрлерін игерген жастар көбейді.

Бүгінгі таңда мемлекет іскер азаматтарға қол ұшын созып, қаржылай қолдау көрсетеді. Лейла Шиден тігіншілікке жастайынан құмартып өсті. 5 жыл бұрын шетелде оқып, осы мамандықтың қыр-сырын меңгерген ол Астанада жеке кәсібін ашуға бел буды. Бизнесті аяққа тұрғызуға қажетті алғашқы капиталды «Даму» қоры төмен пайыздық мөлшерлемемен берді. Лейла әріптесімен бірге 3 миллион теңгеге 4 тігін машинасы мен керекті құрал-жабдықтар сатып алды. «Әзірге бұл техника әйелдер мен балалардың киімін тігуге жеткілікті», - дейді жас дизайнер.

Лейла Шиден, дизайнер:

- Біз «Жастар» бағдарламасы бойынша 5 жылға несие алдық. Егер кәсібіміз алға басса, қарызды ерте төлеп тастамақпыз. Жұмыс істеп жатқанымызға жарты-ақ жыл болғанымен, осы уақыт ішінде 10 мыңға жуық киім тігіп, саттық. Келешекте біздің бренд тек Астана аумағында ғана емес, бүкіл Қазақстанда танымал болады деген сенімдеміз. Ол үшін көп жұмыс істеуім керек. Ал өз кәсібімен айналысамын дегендерге еш қиындықтардан қорықпауға кеңес беремін.

Тігін ательесін ашқан кезде клиенттер базасын құру қажеттілігі туындады. Бұл міндетті Лейланың әріптес құрбысы Зиляра атқаратын болды. Ол кәсіпорын шығаратын өнімді нарықта заманауи тәсілдер арқылы жарнамалайды. Сондай-ақ тауардың жекелеген тұтынушыға ғана емес, қарапайым халыққа да қолжетімді болуының жолдарын іздейді.

Зиляра Шайықова, тігін ательесінің басқарушы директоры:

- Біз ең алдымен әлеуметтік желілерде өз парақшамызды аштық. Қазір өнімдерге 2 мыңдай қолданушы қызығушылық танытып отыр. Бейнежазба арқылы әр көйлектің қалай тігілетінін көрсетеміз. Қала орталығындағы дүкенде дүңгіршегіміз бар. Киім тіктіруге уақыты тығыз адамдар сол жерге келіп, дайын дүниені сатып ала алады.

Жас кәсіпкерлер өз өнімін баршаға бірдей қолжетімді етіп тігуге тырысады. Сонымен қатар жұмысқа да, қыдырған кезде киетін көйлектерді де ұсынып отыр. Бизнес заңына сай, олар әрбір тұтынушының талғамынан шығып, қойылған талапты дер кезінде орындауға дайын.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ержан Қанапияұлы 

Хабар 24 телеарнасы