422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы кен орнынан 400 мың тоннадан астам темір рудасы алынған

  • 2197

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы темір рудасын өндіретін «ӨркенАтансор» кәсіпорнында соңғы жылдары өнім сапасы едәуір артып келеді.

Бұрын мұнда құрамында 40-45% ғана темірі бар кен өндірілсе, қазір 54%-дық темірі бар руда алынып отыр. Бұған жаңа кен байыту фабрикасын іске қосу арқылы қол жеткізген. Өңірдегі индустрияландыру картасына енген кәсіпорында алдағы жылдары да ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ.

Биыл жыл басынан бері осы «Атансор» кен орнынан 400 мың тоннадан астам темір рудасы алыныпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Карьерден сондай-ақ мартит рудасы да алынады. Кейіннен ол магнит рудасымен бірге осындағы фабрикаға жеткізіліп, одан темір рудасы өндіріледі.

Евгений Смирнов, серіктестіктің бас инженері:

- Фабрикадан шыққан кезде руданың құрамында 54% темір болады. Ал, бұрын бұл әрі кетсе, 40-45%-ға ғана жететін. Сондықтан, бізде өнім сапасы жақсарып келеді деп мақтанышпен айта аламын.  

Қазір өндірісте 317 адам еңбек етеді. Ал, Александр Лунаудың мұнда жұмыс істеп жүргеніне 10 жылға жуықтапты. Алғашында қарапайым лаборант болып келген ол қызметте біртіндеп сатылап өсіп, бүгінде білдей бір техникалық бақылау бөлімін басқарып отыр.

Александр Лунау, техникалық бақылау бөлімінің басшысы:

- Бізде әрбір вагонның жүктемесі жіті есептеледі. Біреуінде қалыпты көлемнен көп, келесісінде аз болып қалмауы қажет. Ол менің – басты міндетім. Қазіргі таңда Теміртауға айына 30 мың тонна өнім жөнелтіп отырмыз. Ал, жаздыгүні бұл көрсеткіш 40-45 мың тоннаға дейін жетеді.   

Өндіріс басшылығы биыл қазынаға 168 млн теңгеден астам салық құямыз дейді. Ал, келесі жылы тағы 20 шақты адам жұмысқа алынбақ. Айта кетейік, Ақмола облысында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша 828 млрд теңгенің 111 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал, бұл 14 мың адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.  

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный

Хабар 24 телеарнасы