loader


Кәсіп ашуға бел буғандарға «Даму» қоры әрдайым кеңес беріп, жөн сілтеуге әзір

Елімізде кәсіпкерлікке бет бұрғандар қатары күн санап артып келеді.

Соңғы 6 жылда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша бизнесмен атанғандар 7 мыңға көбейген. Кәсіп ашуға бел буғандарға «Даму» қоры әрдайым кеңес беріп, жөн сілтеуге әзір.

Жангүл Телбаева Астанада аяқкиім өндірісін жолға қойған кәсіпкерлердің бірі. Бұрын тауарды Түркиядан әкеліп саудалайтын. Уақыт өте өзі осы іске білек сыбана кірісті. «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, банктен 4 пайыздық төмендетілген мөлшерде несие алды. «Даму» қоры қолдап, оған банк алдында кепілдік берді. Бүгінде шағын цехы күніне кемі 8 аяқкиім тігеді. Әзірге шеберлері түрік ағайындар. Өйткені өзімізде құлық танытқандар табылмай тұр. Тауар сапасы шетелдік өнімнен аспаса, кем түспейді.

Жангүл Телбаева, кәсіпкер:

- Мынау қысқа арналған. «Термо» деп аталады. Ішінде адамның температурасын сақтап, сырттан суық, іштен жылу шығармайтын табан. Қазақстандық пайызы көп болсын деп жұмыс істеудеміз.

Әшекей бұйым шығаратын бұл цехтың тарихы ширек ғасырдан асады. Отандық зергерлік тауарға қазір сұраныс жоғары. Неке жүзігі, сырға, оюмен өрнектелген білезіктердің сан түрі сөреде самсап тұр. Бұл компания да кәсібін кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінді. Өндіріске қажет шикізатты алу үшін несие рәсімдеген.

Әсел Налыбекова, Зергерлік компанияның өкілі:

- Қазіргі уақытта 7 пайыз субсидия бойынша «Даму» қорынан айналым құралдарына көмек алдық. Сол құралдармен қазір жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, бұл – біз үшін үлкен көмек. Сондықтан айналым құралдарын біз шикізатқа қолдандық.

2010 жылдан бері «Даму» қоры қаржы агенттігі ретінде бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асыруға тікелей атсалысып келеді. Бүгінге дейін 7 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер субсидия және кепілдік ретінде мемлекеттік көмекке ие болған.

Дана Тәуіпбаева, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалының менеджері:

- Жас кәсіпкерлердің саны көбейді. Сонымен қатар жергілікті деңгейде әкімшілікпен «Даму» қоры бірігіп отырып, әр аймақта белгілі бір мөлшерде мақсатты түрде ақша бөліп, өзінің аймақтарын дамытуға үлесін қосып жатыр.

Жыл басынан бері Астананың өзінде 62 жоба кепілдік бойынша мақұлданған. Соның арқасында Жангүл Телбаева сияқты еңбегінің зейнетін көріп отырғандардың қатары артып келеді.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Бақтияр Рзаев

Сондай-ақ...