389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысының Шарбақты ауданында тауарлы сүт фермасы ашылды

  • 1136

Павлодар облысының Шарбақты ауданында тауарлы сүт фермасы ашылды.

Оның құрылысы өткен жылдың көктемінде басталған болатын. Орловка ауылында орналасқан серіктестік бұл мақсатқа 240 миллион теңге бөлді. Соның нәтижесінде шаруашылық сүт өндірісін еселеп арттырды.

Тауарлы сүт фермасында 3 мыңдай асылтұқымды сауын сиыр бар. Өндірісті іске қосу туралы жоспар көптен бері айтылып келген болатын. Ауқымды жобаны жүзеге асырудың сәті енді түсті. Жаңа ферма өнім көлемін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Галина Бош, Сүт блогінің меңгерушісі:

- Біз бұрын 6 тонна сүт сауатынбыз, қазір сүттің мөлшері тәулігіне 8 тоннаға жетті. 5 тонналық танкеріміз бар. Жұмысымыз едәуір жеңілдеді. Сүтіміздің сапасы жақсы жақсы, сүзгіден өткіземіз.

Сүт фермасы автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Бұл оның сапасы мен құрамын анықтауға мүмкіндік береді.

Татьяна Зиянова, сауыншы:

- Бізде ауру мал деген атымен жоқ. Күдік тудырып жатса бірден дабыл қағамыз. Мал дәрігерлері сауын сиырларды қатаң бақылап отырады.

Тауарлы сүт фермасын ашуға шаруашылық ұзақ дайындалған. Алдымен мал азығын дайындап, өнімділігі жоғары мал басын көбейткен. Сондай-ақ алғаш рет селекционерлер бірнеше асылтұқымды ірі қараны будандыстырған. «Нәтижесі жаман емес», - дейді мамандар.

Денис Меликов, зоотехник:

- Алты айдан кейін бұл сиырлар төлдей бастайды. Бір сиыр тәулігіне 20-25 литр сүт береді. Жыл басына шақсақ, әрбірінен 6 мың литрдей сүт сауылады.

Александр Поляков, шаруашылық жетекшісі:

- Біздің еңбекақы қорымыз мал шаруашылығында өндірілген өнімге қарай құрылады. Директордың, механизатор, күзетші, сауыншы, малшының жалақысы өндірілетін сүттің көлеміне тікелей байланысты. Сүт көп болса, ақшамыз да жақсы болады. Мұны бәрі жақсы біледі.

Орловка ауылы үшін бұл ферманың алар орны бөлек. Тұрғындардың басым осы фермада жұмыс істеп жан бағады. Жұмысшылар алынған өнімге байланысты жалақы алады. Сондықтан ауыл тұрғындары келешегіне сенімді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы