420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетаудағы көлік құрастыру зауытында 11 мыңнан астам техника шығарылған

  • 2537

Ақмола облысында көлік құрастыру саласы қарқын алып келеді.

2005 жылдан бері Көкшетауда «КамАЗ» жүк көліктері шығарылатын болса, өткен күзде жаңа трактор зауыты іске қосылды. Кәсіпорында бүгінге дейін 11 мыңнан аса техника құрастырылды. Ал мұндағы отандық үлес 30%-ға жеткен.

11 жылдың ішінде бұл зауыттан 11 мыңнан астам техника шығарылған. Ал, дәл қазір 11 мың 300-ші «КамАЗ-дың» қозғалтқышы жиналып жатыр. Сәлден кейін бұл да толық құрастырылып, қолданысқа жол тартады.

Зауыт – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Мұнда әр екі сағат сайын бір көлік құрастырылады. Осылайша конвейерден күніне кем дегенде 4-5 техника шығады. Бүгінде бұл техникалар еліміздің халық шаруашылығы мен күш құрылымдарының игіліне жұмсалып жүр. Ал, қазір өндіріс ошағында оларды құрастырумен 200-ге жуық адам айналысады.

Асан Махамбетов, шебер:

- Менің қасымда 6 бірдей білікті слесарь жұмыс істейді. Біз арнайы техника құрастырамыз. Біздің желі де бөлек. Әрине, еліміздің күш құрылымдарына қажетті осындай мықты техника шығаратынымызбен мақтанамыз.

Зауыттағы қазақстандық үлес қазір 30%-ға жетіпті. «Алдағы уақытта бұл көрсеткіш біртіндеп көбейеді», - дейді мұндағылар. Айтуларынша, бастысы – сұранысқа сай келетін көліктерді көптеп шығару.

Александр Грабовский, өндіріс басшысы:

- Бүгінгі таңда бізде КамАЗ-дың 40 шақты түрі құрастырылып жатыр. Соңғы жылдары Еуро4 стандартын қолға алдық. Бұл санаттағы көліктер заманауи қажеттіліктермен толық жабдықталған. 2017 жылы осындай техникалардың қатарын көбейткіміз келеді.

Көкшетауда енді жүк көліктері ғана емес, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар да құрастырылады. Өткен күзде Елбасының қатысуымен ашылған жаңа индустриалды-технологиялық паркте қазірдің өзінде тіркемелер мен шөп жинағыштар шығарылуда. Ал, келесі жылдан бастап 30 түрлі техника, оның ішінде атап айтсақ, тракторлар мен комбайндар да жиналады.

Сергей Кулагин, облыс әкімі:

- Біз осылайша аграрлы облыстан индустриалды-аграрлы аймаққа айналып келе жатырмыз. Алдағы уақытта экономикалық әлеуеті өте жоғары өңірлердің қатарында болады деген сенім мол. Қазіргі көрсеткіштер де жаман емес. Отандық жүк көліктердің 40%-ы, алтын мен кірпіштің 35%-ы, ал подшипниктердің барлығы біздің өңірде шығарылады.

Авторлары: Д.Берікұлы, Е.Шинкаренко, А.Полянный

Хабар 24 телеарнасы