427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында мал шаруашылығы дамып келеді

  • 3532

Жамбыл облысындағы Сарысу ауданында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында берілген несиенің 80 пайызы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалады.

Өйткені бұл өңір ата кәсіпті өрістетуге қолайлы. Оның үстіне етке деген сұраныс та жыл санап артып отыр. Сондықтан аудан жұртшылығы тиімді салаға баса назар аудара бастады. Әсіресе бұл іске ауыл жастарының құлшынысы артып келеді.

Әділет Таңлабеков Сарысу ауданындағы ең жас кәсіпкер. Ол мал бордақылап, етке өткізеді. 21 жастағы ауыл тұрғыны мемлекеттік қолдаудың арқасында 4 жылға жеңілдетілген несие алған. Оған 40 бас бұқа сатып алып, қазір кәсібін дөңгелетіп отыр.

Әділет Таңлабеков, кәсіпкер:

- «Жұмыспен қамту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 6 пайызбен 6 миллион несие алып, енді-енді бастап, алға қойған мақсаттарым бар әлі. Малдың басын көбейтіп, бордақылаумен айналысып, келешекте үлкен кәсіпкер болсам ба деген ойым бар.

Етке қашанда сұраныс бар. Оны жас кәсіпкер жақсы біледі. Сондықтан көршісін жұмысқа алып, бірге еңбек етіп жатыр. Семіртілген мал етін жергілікті нарыққа өткізеді. «Кейде Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері үйден де алып кетеді», - дейді ол.

Жандос Бапетов, жұмысшы:

- Малды байлаймыз. Үш мезгіл шөбін саламыз. Екі мезгіл жемін береміз. Бір мезгіл суын беріп, осылай қарап отырмыз. Семірту жағы алты айға барады. Еті бар мал болса, бес айға келеді.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында ауданда былтыр 175 миллионнан астам қаражат игерілген. 65 адам өтініш білдіріп, 55 адамның жобасы мақұлданған. Алайда несие алған азаматтар берешегін кейде қайтармайтын көрінеді.

Дәулетберді Шортанбаев, Сарысу аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Ауданда қазір үш азамат шағын несиелерін қайтара алмай отыр. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хат жолдап, несие бағдарламаға бөлінген қаражат мемлекеттің қаражаты екендігін ескертіп жатырмыз.

Несие қаражаты қайтарылмаған жағдайда кепілдікке қойылған мүлік заңға сәйкес сатылымға шығарылу арқылы өндіріледі. Сондықтан сала мамандары бұған аса жауапкершілікпен қарауға шақырып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы