389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында тауарлы-сүт фермалары көбейеді

  • 1747

Жамбыл облысы Жуалы ауданында өткен жылы 21 миллиардқа жуық теңгенің өнімі өндірілді.

Аймақ егін мен мал шаруашылығына бейім болғандықтан, бұл көрсеткішке ауа райының қолайлы болуы тікелей әсер еткен. Қазір шаруашылықтарды біріктіріп, кооператив құру ісі жолға қойылып отыр. Сонымен қатар шетелден инвесторлар тартылып, үш бірдей ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін меморандумға қол қойылған. Екі-үш күннен бері аудан әкімі елді мекендерді аралап, халық алдында есеп беріп жүр.

Біз қатысқан есептік кездесу Қызыларық ауылдық округінде өтті. Ауылдық округ құрамына 5 елді мекен кіреді. Олардың бірқатары әлеуметтік маңызы бар газ, жол және білім ошақтарымен қамтылған. Округте тек ауызсу мәселесі қиын.

Тоқтағұл Құдағұлов, ауыл тұрғыны:

- Кеңестік дәуір кезінде құрылған құбырлар. Бүгінгі күні ескіріп, тозығы жетіп, бәрі істен шыққан. Сырт жақтан келетін тұрғындар тасымалдап су ішеді. Келешекте ауыл тұрғындарына су берілейін деп жатқаны қуантады.

Жергілікті жұрт суды жер құдығы барлар құдықтан, қалғаны тасып ішіп отыр. Сондықтан бұл мәселе жолға қойылған. Жақында жер асты суларына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.

Бахтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі:

- 12 елді мекен оң нәтижесін алды бұрғылаудың. Және де биыл тағы жартыжылдықта 15 елді мекеннің ауызсу бойынша бұрғылаудың қорытындысы келуі керек. Қазір келген 12 елді мекеннің 5 елді мекені жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз.

Жиын кезінде айтылған тағы бір мәселе – сүт кластерін қалыптастыру. Осы бағытта шағын шаруашылықтар біріктіріліп, биыл құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын 800 басқа арналған сүт фермасының құрылысы басталады. Сонымен қатар елімізде алғашқылардың бірі болып «Жуалы-Алатау» кооперативі құрылды. Енді еуропалық үлгідегі 15 ферма салып, шетелден сүтті бағыттағы сиырлар әкелу жоспарда. Бұл аудандағы 2 сүт өңдеу цехы мен ірімшік зауытын шикізатпен толық қамтуға жеткілікті.

Бахтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі:

- Тұрғындардан кооператив құрып, биыл екі сондай кооперативке құжаттарын өткіздік. Былтыр біз 100 миллион теңгеге сондай 29 адамды біріктіріп, 400 бас сүтті сиыр сатып алдық.

Ауданда балық шаруашылығы да қолға алынған. Былтыр Билікөл көліне 3 мың бекіре балығы жіберілді. Ал ирандық инвесторлар таудан аққан бұлақ суларына қызыл балық өсіруге алдын ала келісімге қол қойды. Қазір 200 гектар жер қарастырылып, дайын тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә 

Хабар 24 телеарнасы