378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында шағын фермерлердің алғашқы кооперативтері құрыла бастады

  • 1424

Елбасы Жолдауда айтқан бірігуі тиіс 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылығы мен шағын фермерлердің алғашқы кооперативтері Жамбыл облысында құрыла бастады.

Өңір шаруалары бұл іске өткен жылдың аяғында кірісіп кеткен. Бүгінде аймақта осындай 27 бірлестік бар. Қазір Ауыл шарушылығы министрлігі оларға алдын ала мониторинг жасап жатыр. Арнайы мамандардан құрылған жұмыс тобы жұртқа кооператив жұмысын жандандырудың артықшылықтарын түсіндіріп жүр.

Жамбыл облысында ұжым ретінде тірлік бастауға алғашқылардың бірі болып бет бұрған «Меркі сүт өнімдері» кооперативі. Ұжым сүт кластері жүйесін қалыптастыру бағытында еңбектенбек. Қазір құрамындағы 47 шаруашылық кооперативішілік жүйені жасап, өзара қызметті нақтылау жұмыстарын бастады.

Бахтияр Хасанбаев, «Бахор» шаруа қожалығының жетекшісі:

- Кооператив мүшелерінің әрқайсысының әртүрлі мүмкіндігі бар. Шабындық пен егіс алқабы барлар мал азығын дайындайды, ал техникасы барлар жинайды деген сияқты. Ортақтасып жұмыс істейміз. Қазір қатарымызға жаңадан қосылған 10 әріптесіміздің жобалары мақұлданып, мал алып жатыр. Енді бізге мал дәрігерлерін жұмысқа тартып, сауатты есепші мамандар алуымыз қажет

Кооперативтің негізгі тиімділігі қашанда мемлекеттік қолдауға ие. Жеңілдетілген несие мен 70 пайызға қысқарған салық, қайтарымсыз субсидия жергілікті шаруаларды ынталандырып отыр. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, қант қызылшасын өсіруді де дамытпақ.

Мейірхан Өмірбеков, Меркі ауданының әкімі:

- Біздің ауданның негізгі болашағы деп айтсақ болады. Себебі қант зауыты бізде. Бұл басқа өнім сияқты өндіргеннен кейін өткізетін жер таппай, бүлдіріп алам деген ой тумайды. Мемлекеттің беріп жатқан көмегі бар.

Ұлан Қасқабаев, Қазақ-Агроөнеркәсіп экономикасы және ауылды аймақтарды дамыту ғылыми зерттеу институтының кооперация және интеграция бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

- Сонымен қатар қазіргі бағытта мал бордақылау алаңдарын ашу үшін, сондай-ақ сүт қабылау пункттерін ашу үшін технологиялық құрал-жабдықтар сатып алуға сол құралдың 50 пайызына дейінгі субсидиясы қарастырылған.

Өңірдегі 50 кооперативтің 23-і қайта тіркеуден өтіп, 27-сі былтыр жаңадан құрылған. Оған 700-ге жуық шағын және жеке шаруашылықтар біріктірілді. Биыл тағы 40 шақты кооперация құру жоспарланып отыр. Оған өңірдің мүмкіндігі жоғары. Әсіресе сүт өндірісіне басымдық беріледі.

Руслан Құсбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы және қайта өңдеу департаментінің бас экспорты:

- Өңірдегі сүт өңдейтін кәсіпорындар 38 пайызға ғана жүктеулі. Ал қалған 62 пайыз сүт өндіруші кооперативтерге нарық көзі болмақ. Түбінде кластер қалыптасып, бәсекеге түсуге мүмкіндік туады. Осының арқасында экспортық әлеует арта түседі.

Жаңадан құрылатын кооперативтердің артықшылығы көп. Мәселен, кооператив мүшелері өткізген әр литр сүтке Үкімет 10 теңге субсидия береді. Ірі қараны мал сою алаңдары арқылы өткізсе, әр басқа 20 мың, ал уақ малға 1500 теңге субсидия төленеді. Ал жемді белгіленген зауыттардан алса, 20 мың теңгеге арзан бағамен беріледі.

Қайтарымсыз мемлекеттік субсидия:

Әр литр сүтке - 10 теңге.

Ірі қараға – 20 000 теңге.

Уақ малға – 1500 теңге.

Жемнің әр тоннасына – 20 000 теңге.

Облыста қолында 3-4 сиыры бар жеке үй шаруашылықтардан құралған 6 кооперация бар. Оның 2-еуі сүт, 4-еуі ет бағытында. Олар бүгінде мемлекеттік бюджеттен 500 миллион теңгеден астам несие алды. Ол қаражатқа 2 мың басқа жуық ірі қара әкелініп отыр. «Нәтижесін жыл соңында мониторинг барысында көретін боламыз», - дейді Астанадан келген мамандар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы