380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстікқазақстандық заңгер асылтұқымды мал өсіруді қолға алды

  • 1174

Оңтүстікқазақстандық заңгер шаруашылық ашып, ірі қараның ерекше түрі «Абердин-Ангус» тұқымын өсіруді қолға алған.

Қаладағы жұмысын ауылға ауыстырған шаруа шотландиялық сиырды оңтүстіктің аптап ыстығына да бейімдеп жерсіндірген. Етті сиырлар қазір төлдей бастаған. Мал басын асылдандыруды мықтап қолға алған фермер болашақта бұған дейін тек импорт саналып келген «мраморлы» етті енді экспортқа шығармақ.

Фермер қорадағы өгізшелерін еркелетіп осылай атайды. Әрқайсысы 1 тоннадан астам ет беретін бұқалар ерекше күтімге алынған. Тіпті жем-шөбіне жұмыртқа мен сәбіз және қырыққабатқа дейін қосып береді. «Өйткені олар қоңын жоғалтпауы керек», - дейді шаруа.

Мақсат Назарбаев, фермер:

- Мен асылтұқымды сиырлардың көп күтімді қажет етпейтінін дәлелдегім келді. Бұлардың бұзауы кішкене болады. Бірақ өскен соң әкелеріне ұқсап, етті көп береді. Ал екінші алынған төл таза асылтұқымды болады. Басты мақсатым – өгізшелерді көбейтіп, елдегі мал басын асылдандыру.

Арқадан әкелінген етті сиырлардың барлығы Қазақстанда туылған төл. Дегенмен алғашында оңтүстіктің аптапты ыстығынан шығын да болған. Малшылар өзен бойына бастырма тұрғызып, сиырлардың үстеріне су бүрку арқылы аман алып қалыпты. Қазір ірі қаралар толық жерсінген. «Өзге малдардан айырмашылығы тауда жайын жүрсе де салмақ қоса береді», - дейді шаруа.

Сәбит Ағысбаев, шаруа:

- Жайылымда қорада тұрған 1 сиыр күніне  2,5-3 келіге дейін салмақ қосады. Жергілікті сиырлар сыпырып жесе, бұл тіке ат құсап жейді. Шөп таңдамайды.

Бұған дейін мраморлы ет импорт болып есептелетін. Енді бұйыртса, қазақстандық асылтұқымды сиыр еті шетелге экспортталмақ. «Бұл Елбасы Жолдауында айтылған негізгі басымдықтың бірі - төрт түлік етінің экспорттық әлеуетін арттыруға негіз болады», - дейді оңтүстік халқымен жүздескен сенаторлар.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ауыл шаруашылығы өнім технологиясын жақсарту. Екінші ауыл шаруашылығы машина жасау саласын қалыптастыру. Ол бізде қазір жұмыс істеп келе жатыр. Одан кейін үшіншісі Елбасының әрқашан айтып жүретіні, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды көбейту. Міне, осы үш мәселе бір бағытта жүрген кезде ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге шығады.

Былтыр жалпы оңтүстіктің еңбекқор халқы 1 миллион 300 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. Оның ішінде дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыздан бастап күркетауық етіне дейін бар. Ал биылғы жылы Біріккен Араб Әмірлігімен қатар Қытай, Ирак және Иран мемлекеттеріне ет экспорттамақ. Осы бағытта қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

Әбдібай Мұстафаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Экспортқа шығатын әрбір заттың талаптары болады. Бізге қазаққа қой жас болса, семіз болса дейміз. Олар жас әрі арық болса дейді. Біріккен Араб әмірлігіндегі алушылардың талабы сондай. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Иракқа шығару мен Иран Ислам республикаларымен де келіссөз жүріп жатыр. Көлемді 70-75 пайызға арттырамыз деп отырмыз.

«Елбасы Жолдауы Қазақстанның жарқын болашағына негізделген. Оған өндіріске жаңалық енгізіп, озық технологияны қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Сондықтан жұрт болып атсалысуымыз керек», - дейді Оңтүстік жұрты.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов 

Хабар 24 телеарнасы