378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық омарташылар балды брендке айналдыруды көздеп отыр

  • 1412

Бал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шығысқазақстандық омарташылар бүгінде алып кооператив құрған.

Құрамына Алматы, Павлодар, Солтүстік және оңтүстікқазақстандық шаруалар еніп отыр. Айтуларынша, жұмыла көтерген жүк жеңіл ғана емес әрі табысты да.

Табыс Мұратқанұлы шеттегі қандастарымызға қазақстандық табиғи, таза балды жеткізу үшін ҚХР-дан арнайы келген. Атамекеннің дәмін татуға ниетті тұтынушылар онда көп екен. Сондықтан да екі ел арасын байланыстыруды кәсіпке айналдырған.

Табыс Мұратқанұлы, бал алушы:

- Қытайдан келген мақсатымыз – бал алу. Кішкене қораптан үлкен бөшкеге дейін толтырып алайық деп келдік. Жақсы өтеді. 20 тонна аламыз, апарып сатамыз, таси береміз. Халық көп қой, сұраныс та көп. Қазақстанның балы таза бал.

Қазақстандық омарташылар балды брендке айналдыруды көздеп отыр. Мысалы, өткен жылы бірнеше бал қожалықтары бас қосып, ірі кооператив құрған. Ал Елбасы Жолдауы ұжымның өркен жаюына жол ашты. Омарташылар ара шаруашылығы саласында біріге жұмыс жүргізудің тиімділігін жоғары бағалап отыр.

Валерий Қасымбаев, бал шаруашылығының басшысы:

- Кооператив құрамына түрлі деңгейдегі 1500 мүше еніп отыр. Алматы, Павлодар, Оңтүстік, Солтүстік Қазақстандағы әріптестеріміз бізге қосылды. Біздің қожалық аясында республикалық бал шаруашылығы палатасы құрылған. Асылтұқымды ара шаруашылығын дамытуға субсидия бөлінуі де мүмкін.

Иә, жеке-дара кәсіп жүргізу омарташыларға да тиімсіз. Бірі алуы тиіс субсидия үшін кепілдік таба алмаса, енді бірі құжат ресімдеуде қиналады. Табыс көзі араның ауруға ұшырауы шығынға әкеп соғары тағы бар. Балдың сапасын жоғалтпау үшін омарташылар арнайы мамандармен тығыз байланыс орнатқан.

Нұрлан Тоқтаров, облыстық ауыл шаруашылығы ҒЗИ директорының орынбасары:

- Біздің институт зерттеп, шығарып жатқан дәріні табиғи қоспалармен жасап, емдегенде ешқандай кедергі болмайды. Омарташылар осы кооператив арқылы бізбен байланысып, жұмысты бірге істеп, өз өнімін алып жатыр.

Бүгін бал шаруашылығының экспорттық әлеуеті артып келеді. Оның айқын дәлелі қазақстандық бал АҚШ пен БАӘ-де жоғары сұранысқа ие. Енді Қытай нарығына шығу жоспары бар.

Битөре Бәзілхан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы:

- Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы өнім өндірушілер 70-80 пайызы ұсақ шаруашылық болғандықтан, сыртқа шығару қиындыққа әкеп соқтырады. Соның бір жемісін көріп отырмыз. Шаруашылықтардың біріккені арқасында біздің Қытай Республикасына өнімдерді өткізуге мүмкіндік туып отыр.

Кооператив – миллиондаған табыс көзі әрі өркендеу кепілі. Ал салаға зор көңіл бөлінуі бұған дәлел.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы